Мемлекет әлеуметтік міндеттемелерді орындау үшін қаражатты қайдан алады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін орындау үшін қаражат көзін қайдан алады? Бұл сұраққа Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелеріне шығаратын шығындары туралы айтар болсақ, бұл ретте ең алдымен кейбір шығындарды оңтайландыруға қатысты тиісті тапсырма бар. Инвестициялық жобалардың кейбірін келесі жылға ысыруымыз мүмкін. Яғни биылға жоспарланған кейбір жобаны бастамай-ақ қоюға да болады. Келесі қаражат көзі – өткен жылдың қорытындысы бойынша артылып қалған кассалық қалдықтар. Оның көлемі үлкен болмаса да баршылық. Сонымен бірге қаражат тартудың тағы бір амалы - бюджет дефициті болмақ. Себебі әдістеме бойынша дефицит көлемі ЖІӨ-нің 3 пайызына дейінгі мөлшерде болуы керек. Аз көлемдегі дефицит те резерв екенін ескеру керек», - деді Руслан Дәленов Үкімет отырысында өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша, сонымен қатар бюджеттің табыс түсетін бөлігін де әлеуметтік міндеттемелерді орындауға жұмсау көзделген.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шағын және орта бизнес табысқа түсетін салықтан биылдан бастап босатылады. Бұл – сипаты жағынан дағдарысқа қарсы шара. Мұның өзі де отандық бизнесті сыртқы конъюктураның ықпал етуімен біздің экономикада болып жатқан құбылмалылықтан қорғайды», - деді министр.

Еске сала кетсек, бүгінгі Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мемлекет әлеуметтік міндеттемелерін толық көлемде қаржыландыратынын мәлім еткен еді.


Соңғы жаңалықтар