Мемқызметшінің жемқорлық әрекеті үшін басшыға қандай жаза беріледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық әрекеттері үшін бірінші басшылардың жауапкершілігі енгізіліп жатыр. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шын мәнінде бұл заң жобасында қарамағындағы қызметкерлер жемқорлыққа барса, басшыларды жауапкершілікке тарту туралы норма қарастырылған», - деді Шайымова.

Осы орайда, ол заң жобасында теңдестірілген қадамдар ескерілгенін жеткізді.

«Біріншіден, бұл мәселе тәртіптік жауапкершілікке қатысты болғандықтан, заңнаманың бекітілген талаптарына сәйкес, тиісті қызметтік тексеріс жүргізіледі. Қарамағындағы қызметкерлер жемқорлық құқық бұзушылығын жасағанда әрі фактілер расталса, онда тікелей басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылады», - деп түсіндірді Агенттік өкілі.

Бұл тұрғыда ол сот шешімімен күдікті адамға қатысты үкім заңды күшіне енгеннен кейін, тиісті шаралар қабылданатынын айтты.

«Тәртіптік жауапкершілікке толық емес қызметтік сәйкессіздіктен бастап, лауазымынан босатуға дейінгі шаралар кіреді. Бұл тұрғыда басшының қаншалықты кінәлі екендігі қарастырылады. Әрбір оқиға жекелей қаралады, сондықтан қарамағындағы қызметкерлердің жемқорлық әрекеті үшін басшының тәртіптік жауапкершілікке тартылатындығын айтып отырмыз. Өйткені мемлекеттік қызмет туралы заңнамада жемқорлықтың алдын алу бойынша басшылардың тиісті шараларды атқару міндеті қарастырылған», - деді А. Шайымова.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Соңғы жаңалықтар