Валюта бағамдары:
    usd/kzt 478.01 eur/kzt 488.81

    rub/kzt 7.91 cny/kzt 70.76
Ауа райы:
Нұр-Сұлтан: 1 °С
Алматы: 15 °С

Мемқызметшілерге жұмыстан тыс уақытта қосымша табыс табуға рұқсат берілмек

2021 жылғы 27 желтоқсан 14:11

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Заңнамаға мемлекеттік қызметшіге жұмыстан тыс уақытта қосымша табыс табуға рұқсат беретін норма енгізілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты.

«Бүгінгі күні заңнамада мемлекетік қызметшіге қосымша жұмыспен айналысуға рұқсат беретін норма жоқ. Бірақ біз болашақта заңға енгізуді ойластырып жатырмыз. Яғни жұмыстан бос кезінде қосымша жұмыспен айналысуға болады деп кіргіземіз. Дәл қазір заңнамада бұл жоқ. Бірақ біз дайындап жатырмыз», - деді агенттік басшысы БАҚ өкілінің сұрағына берген жауабында.

Оның пайымынша, мемлекеттік қызметші жұмыстан тыс уақытта кәсіпкерлікке жатпайтын қзымет түрлерін ұсыну арқылы табыс таба алуға тиіс.

«Неліктен оларға қосымша жұмыс істеуге болмайды? Болады. Бірақ кәсіпкерлікпен емес. Мысалы, жұмыстан бос кезінде таксист болып жұмыс істеуге болады деген сияқты. Отбасын асырауға қосымша қаражат керек болса, соған рұқсат беретіндей заңнамалық өзгерістер дайындап жатырмыз. Бірақ ол әлі қабылданған жоқ. Ал кәсіпкерлікпен айналысуға болмайды», - деді Анар Жайылғанова.

Оның айтуынша, Президенттік жастар кадрлық резервінде лауазымды басшылардың балалары жоқ.

«Біз ол жағын міндетті түрде тексереміз және жоғары лауазымды шенеунік туысы бар кандидаттар немесе лауазымды тұлғалардың балалары жоқ. Біз керісінше мүмкіндігі жоқ жастарға «әлеуметтік лифт» ұсынғымыз келеді. Негізі олар, конкурсқа қатысып-ақ мемлекеттік қызметке бара алар еді. Бірақ Президенттік жастар кадрлық резерві арқылы өткісі келсе, неге болмасқа?», - деді агенттік басшысы.


Автор:

Есімжан Нақтыбай

Новости по теме
Серіктестер жаңалықтары