Мемқызметшілердің жаңа Әдеп кодексі жасалады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде мемқызметшілердің Әдеп кодексін одан әрі жетілдіру бойынша шаралар қабылдануда. Бұл туралы Агенттік төрағасы Анар Жаилғанова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«БҰҰДБ-мен бірлесіп және мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен атқарылған жұмыс нәтижелері бойынша мемлекеттік қызметшілердің жаңа Әдеп кодексі жобасын әзірлеу жоспарлануда.Шет елдердің тәжірибесін ескере отырып, әдеп талаптарын тек моральдық-адамгершілік болып табылмайтын өзге ережелерден бөлуді іске асыру ұсынылады», - деді Агенттік төрағасы 2019 жыл ішінде атқарылған жұмыс қорытындыларын, алдағы кезеңдегі міндеттерді айқындау бойынша алқа отырысында.


Қазіргі уақытта құқық бұзушылықтардың алдын алуда әдеп жөніндегі уәкіл институты басты рөлге ие.

Әдеп жөніндегі уәкілдер өз құзыреті шеңберінде консультациялық көмек көрсетіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізеді, мемлекеттік қызметшілердің заңдармен көзделген шектеулер мен тыйымдарды ұстануына, өзара қарым-қатынастар мәдениетінің қалыптасуына ықпал етеді.

Өткен жылы шамамен 17 мың адам еліміздің барлық аймақтарында жұмыс істейтін 764 әдеп жөніндегі уәкілдерге консультация алу үшін жүгінді.


Әдеп жөніндегі уәкілдер 193 өтініш білдірушінің құқықтарын қалыпқа келтіріп, бұл көрсеткіш өткен екі жыл ішіндегі көрсеткіштен 69%-ға асып отыр.


Соңғы жаңалықтар