Мемқызметшілердің дін саласындағы әдебіне қатысты жаңа талаптар енгізіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жобада мемлекеттік қызметшілердің дін саласындағы әдебіне байланысты бірқатар талаптар нақтыланған. Жобаға мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінде көзделген үш шектеу енгізілген. Олар: өзінің қызметтік мүмкіндіктерін діни бірлестіктердің мүдделеріне пайдаланбау, өзіне бағыныстағы қызметшілерді діни қызметке мәжбүрлемеу, діни бірлестікті құруға бастамашы немесе оның мүшесі болмау. Тиісті норманы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңына енгізу ұсынылады. Жалпы, ұсынылатын нормалар азаматтардың дін саласындағы негізгі құқықтарына, мысалы жұмыс уақытынан тыс кезде діни іс-шараларды және ресімдерді орындау немесе оларға қатысу құқықтарына әсер етпейді», - деп атап өтті ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев.

Бұдан басқа, мемлекеттік бюджеттен және Ұлттық банктің бюджетінен қаржыландырылатын ұйым қызметкерлерін де осы норманың бір бөлігімен қамту ұсынылады. Ол өз қызметтік лауазымын діннің мүддесі үшін пайдалануына жол бермеуге және бағынысындағы адамдарды діни қызметке мәжбүрлеуге жол бермеуге қатысты.

«Екіншіден, діни бірлестіктер қызметінің заңнамаға сәйкестігін тексеруді және бақылауды жүзеге асыру мақсатында министрлікке және жергілікті атқарушы органдарға тиісті құзырет беру және тексеруді жүргізудің тәртібін анықтау ұсынылады», - деді Дархан Кәлетаев.

Діни ахуалға мониторинг жүргізу бойынша жергілікті атқарушы органдардың функциялары енгізіледі. Бүгінгі таңда облыстардың, Астана және Алматы қаласы әкімдіктерінің Дін істері басқармалары діни ахуалды, сондай-ақ өңірде әрекет ететін діни бірлестіктердің, миссионерлердің, діни білім беру ұйымдарының қызметін зерделеу құқығына ие. Алайда, аудандық деңгейде мұндай өкілеттік жоқ. Ал аудандық әкімдіктер дін саласындағы мәселелермен айналысады, соның ішінде өңірдегі діни ахуалға талдау жүргізеді, әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамалар толтырады. Осыған байланысты, аудан әкімдіктеріне аталған құзыретті заңнамалық деңгейде бекіту ұсынылады.

Бұдан бөлек, Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне сотталғандарды оңалту бойынша жұмысты ұйымдастырудың ережелерін бекіту бойынша құзыреттер беріледі. Сонымен қатар, заң жобасы діни қызметпен байланысты қылмыстардың алдын алу бойынша Ішкі істер министрлігінің функциясын кеңейтуді көздейді.

Соңғы жаңалықтар