Мемқызметкерлердің мемлекеттік тілді білуін міндеттеу керек – Қанат Төсекбаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының бас директоры Қанат Төсекбаев ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласына пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тіл – ең асыл құндылық. Тілді өркендету - баршаның ісі. Тіл – тек қарым-қатынас құралы емес, ұлтымыздың биік тұғыры. Бұл ретте біздің мемлекетіміздің тілге деген жанашырлығы басым. Мемлекет басшысының бүгінгі «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты жарық көрген мақаласындағы басым бағыттарының бірі – мемлекеттік тілді жан-жақты дамытуды басты назарда ұстау, қоғамда қазақ тілінің мемлекеттік дәрежесін нығайту еліміздің саясатының басты басымдығы болып қала береді. Қоғамда, мемлекеттік қолдау мүмкіндігі жоғары салаларда, мемлекеттік мекеме қызметкерлері арасында қазақ тілінің қолданыс аясы едәуір кеңейіп келе жатыр, жұмыс беруші тарапының басты назарында – қазақ тілін жетік меңгеруі деп айтуға толық негіз бар», - дейді Қ. Төсекбаев.

Спикер қазіргі қоғамда жастардың белсенділігі жоғары екенін, жастарға баса назар аудару арқылы тіл саясатын жүргізу мол жеміс беретінін атап өтті.

Сонымен бірге, Қ. Төсекбаев басшылық қызмет, мемлекеттік қызметшілерге, депутаттыққа үміткерлерді мемлекеттік тілді жетік меңгеруді міндеттеуді ұсынды.

«Еліміз тәуелсіздік алғалы бері төл тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болып, қолданыс өрісі кеңейді. Қазіргі таңда өнер, әдебиет, мәдениет, баспасөз, радио, теледидарымыз 90-жылдарға қарағанда әлдеқайда «қазақша сайрап тұр» десек болады. Бұл біздің мемлекеттік тіліміздің мәртебесінің асқақтағаны. Бұл, осы уақытқа дейін барлық ықтимал жағдайды жете бағамдай отырып жүргізілген мемлекеттік тіл саясатының нәтижесі.

«Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгілігінің мәңгілік мәселесі. Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады», деп Ғ. Мүсірепов айтқандай елдің болашағын, тілдің болашағын сақтау баршаның міндеті. Қазіргі жаһандану кезеңінде еліміздің ақпараттық кеңістігін әлемдік стандарттарға сай кеңейте отырып, мемлекеттік тілді ұлттық қауіпсіздіктің маңызды бір нысаны ретінде жетілдіруді және қорғауды жан-жақты қамтамасыз еткеніміз абзал», - дейді Қанат Төсекбаев.

Еске сала кетсек, бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетінде «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақала жариялады.


Соңғы жаңалықтар