Мемқызметкерлер бастықтың тапсырмасымен жұмыста кешке дейін отыратынын ашық айта бастады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі еңбек заңнамасының нормаларын түсіндірді. Себебі бүгінде мемлекеттік қызметте бастықтық тапсырмасымен артық жұмыс жасау фактілері әлі де бар. Қызметкерлер оны ашық айтып, байланыс-орталығына арызданып отырады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаменті директорының міндетін атқарушы Мадина Наурызбектің айтуынша, бүгінде мемлекеттік органдарда жұмыс кестесін бұзып, кешке дейін жұмыс істеу фактілері біртіндеп азайып келеді. Алайда ондай оқиғалар әлі де бар. «Мысалы, ҚР Қаржы министрлігінде үстеме жұмыстардың айтарлықтай азаюына қарамастан, 1424 Call-орталығына министрліктің әлеуметтік сала бюджеті департаментінің мемлекеттік қызметшілері хабарласып, жұмыс кестесінің бұзылуына шағымданды. Олардың сөздеріне сәйкес, мемлекеттік қызметшілер жұмыс орындарында сағат 18.30-дан кейін басшылықтың талабы бойынша қалып отырады. Сосын кешкі жұмыс мәжілістері көп дейді. Осыған байланысты, агенттік үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен бірлесе отырып, профилактикалық іс-шаралар өткізді. Соның қорытындысы бойынша аталған фактілер расталды», - деді М.Наурызбек Астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Аталған мәселені ҚР Еңбек және халықтық әлеуметтік қорғау министрлігі де жіті бақылауда ұстап отыр. Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Төлеген Оспанқұловтың сөзіне қарағанда, өткен жылдың соңында еңбек заңнамасын сақтау бойынша барлық аймақтар тексерілді. Соның нәтижесінде орталық органдардың 6 басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың арасында ҚР Дін істері және қоғамдық даму министрлігі, ҚР Денсаулық министрлігі, ҚР Әділет министрлігі, ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚР Ұлттық экономика министрлігінінің лауазымды тұлғалары бар. Солардың қарамағында істейтін қызметкерлер жұмыста өз еркімен емес, бастықтардың тапсырмасы бойынша қалғанын ашық айтты. «Иә, басшылықтың тапсырмасымен жұмыста кеш қалдық деп, ашық айтқан қызметкерлер де болды. Бірақ басым бөлігі өз еркімен қалып отырғанын жеткізді. Негізі, қызметкер басшылықтың тапсырмасымен жұмыста қалып отырса, маңызды бір мәселені ұмытпау қажет. Әрбір жұмысшының, соның ішінде мемлекеттік қызметкердің өзіне жүктелген міндеттерінен бөлек құқықтары да бар. Сондықтан оны демалыста, я болмаса мереке күндері жұмысқа тартса, міндетті түрде жазбаша келісімі болуы қажет. Ондай келісім болмаса, қызметкерді жұмысқа салуға болмайды. Ол адамға қысым жасауға да рұқсат жоқ», - деп атап көрсетті Т.Оспанқұлов.

Айта кетейік, бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі артық жұмыс жасау фактілеріне қатысты кезекті тексерістің нәтижесін жариялады. «Биыл қаңтар айында мемлекеттік органдарда үстеме жұмыс фактілері бойынша «СКУД» жүйесінің деректеріне кезекті талдау жүргізілді. Өткен жылдың қыркүйек және желтоқсан айларымен салыстырғанда оң серпін байқалады. 2018 жылдың қыркүйегінде 12 739 сағат болса, желтоқсанда меморгандарда артық жұмыс 4 790 сағатқа дейін азайды. Ал қаңтар айында аталған көрсеткіш 1 194 сағатқа дейін қысқарды», - деді М.Наурызбек.

Оның айтуынша, бірқатар мемлекеттік органдарда артық жұмыс жасау фактілері мүлдем жойылды деуге болады. Соның ішінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, ҚР Әділет министрлігі, ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі бар.

«Қалған мемлекеттік органдарда үстеме жұмыс фактілерінің айтарлықтай азайғаны байқалады. Аймақтарда да солай. Сонымен қатар, жекелеген министрліктерде әлі де үстеме жұмыс фактілері бар. Мысалы, ҚР Сыртқы істер министрлігінде қаңтар айында 369 сағат үстеме жұмыс анықталды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде 151 сағат анықталды. Осыған байланысты барлық мемлекеттік органдарға тиісті шараларды қабылдауға қатысты ұсыныстар берілді», - деп атап көрсетті М.Наурызбек.

Соңғы жаңалықтар