Мемқызметке үміткерлер артық құжат жинаудан босатылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекеттік қызметке үміткерлер артық құжат жинаудан босатылады. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Агенттік мемлекеттік қызметке іріктеу мен оны өткеруді толық цифрландыру арқылы «Е-қызмет» ықпалдастырылған ақпараттық жүйесін жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізді. Бірінші кезекте «Е-қызмет» жүйесінің сыртқы порталы жасалды. Сыртқы порталда мемлекеттік қызметке жаңа іріктеу алгоритімі әзірленді, онда конкурстық рәсімді өткізу форматы қайта қаралды. Конкурстық рәсімнің жаңа форматы үміткерлерге алдын ала белгіленген уақытта өтетін әңгімелесуден басқа барлық кезеңдерде, кез келген уақытта және әлемнің кез келген нүктесінен конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді. біздің жоспарымыз – жаңа іріктеу жүйесін пилоттық сынақтан өткізу. Пилот 1 наурыздан бастап 5 мемлекеттік органда өтетін болады», – деді Агенттік төрағасы.

Оның нақтылай түсуінше, жүйе Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде, Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму, Сауда жəне интеграция министрліктерінде, Ақмола облысы мен Шымкент қаласы әкімдіктерінде сынақтан өткізіледі.

«Е-қызметте» барлық маңызды ақпараттық жүйелермен интеграция жасадық. Ол мемлекеттік қызметке үміткерлерді артық құжат жинаудан босатады. Өзге ақпараттық жүйелерден үміткер туралы ақпарат алу, оның соттылығы немесе өзге бұзушылықтарға қатысы бар-жоғын тексеру, біліктілік талаптарына сай келуін қарау – мұның бәрін автоматты түрде жүйе өзі жасайтын болады»,- деді Дархан Жазықбаев.


Соңғы жаңалықтар