Мемкірістер комитеті көрсеткен 18,4 млн қызметтің 6% ғана қағаз түрінде болған

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР мемлекеттік кірістер органдары қызметтерінің 94% электронды форматта көрсетіледі. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Мемлекеттік қызметтерді автоматтандырудағы мақсат - клиенттің қазыналық (фискальдық) органның қызметкерімен байланысуын барынша азайту. Бұл уақыт пен қаржы шығынын үнемдейді. Бүгіннің өзінде мемлекеттік кірістер органдары көрсететін 44 қызметтің 30-ы электронды форматқа көшкен, ал қызметтің 26 түрін «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы арқылы алу мүмкіндігі қарастырылды. Электронды форматта көрсетілген қызметтердің үлесі 94% жетті. 2018 жылдың 10 айында мемлекеттік кірістер органдары көрсеткен 18,4 млн қызметтің 17,3 миллионы, яғни 94% электронды, ал 1,1 миллионы (6%) қағаз түрінде болды», - делінген хабарламада.

Комитеттің деректеріне қарағанда, экспорт-импорт операцияларын жүзеге асыру бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуді автоматтандыру мен оңтайландыру аясында АСТАНА-1 және Е-Терезе ақпараттық жүйелері енгізіліп жатыр. Бұл қызметтер сапасын жақсартуға ықпалын тигізіп отыр. Қазірдің өзінде экспорт-импорт декларацияларының 65% лауазымды тұлғалардың қатысуынсыз, автоматты түрде шығарылып, кедендік тазартуға орташа небәрі 1 минут жұмсалып жүр.

Бұдан тыс, Мемлекеттік кірістер комитеті жұртшылықпен кері байланысты дамытып келеді. Тіпті, Қаржы министрлігінде халыққа есеп беретін қоғамдық кеңес құрылып, Комитеттің қызметіне қатысты мәселелер қызу талқыға салынып жатыр. Қоғамдық кеңес 2018 жылы жұртшылық өкілдері және «Атамекен» ҰКП қатысуымен 5 отырыс өткізді.

Комитет салық мәдениет көтеру әрі насихаттау мақсатында жұртшылықпен байланысудың сан амалын пайдаланады. Комитет қызметінен БАҚ арқылы үзбей құлағдар етудің нәтижесінде, жылдық бағалау қорытындылары бойынша ақпараттардың мазмұны мен қолжетімділігіне 5 балдан 4,7 балл қойылды.

Соңғы жаңалықтар