Мемхатшы: Сауытбек Абдрахманов тәуелсіз Қазақстанның руханият саласын байытуға өлшеусіз үлес қосты
2021 жылғы 30 қараша 15:56

Мемхатшы: Сауытбек Абдрахманов тәуелсіз Қазақстанның руханият саласын байытуға өлшеусіз үлес қосты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін елордада «Мәдениет, білім, ғылым ықпалдастығы және қазіргі заманғы медиакоммуникация» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, көрнекті қаламгер Сауытбек Адрахмановтың 70 жылдығына арналған жиын барысында елімізге танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері мерейтой иесіне қатысты ойларымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сауытбек Абдрахманов - Тәуелсіз Қазақстанды құруға және оның руханият саласын байытуға өлшеусіз үлес қосқан ардақты азаматтардың бірі, еліміздің Ақпарат министрі, бас басылымның басшысы ретінде жас мемлекетіміздің тарихында қалған тұлға. Сәукең жемісі мол 70 жасқа мемлекет және қоғам қайраткері, салиқалы саясаткер, қарымды қаламгер атанып, абыроймен жетті. Шығармашылығы лайықты бағаланып, мемлекеттік сыйлық иеленді. Ел-жұрттың алдында беделді халық қалаулысына айналды. Аударманың қыр-сырын, Пушкин туындыларының табиғатын зерттеп, әдебиеттанушы ғалым атанды. Сөзінің салмағы бар, ісінің өнегесі бар Сәукеңді құрметтеп, бүгінгідей халықаралық конференция өткізу өте орынды деп санаймын», - деді іс-шараны ашқан ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев.

Қырымбек Көшербаев мерейтой иесін әлемнің 61 мемлекетін аралап, қызықты репортаждар мен очерктер жазғанын, көптеген мемлекет басшыларымен сұхбат құрғанын, аударма саласында да қарымды еңбек еткенін атап өтті.

«Сәукең – сыншы. Киноның да, әдебиеттің де сыншысы. Кейде мемлекеттік қызметшілерге де сын көзбен қарайтынын байқаймыз. Мақтап отырып, мақтамен бауыздайтын сөз зергерінің орынды сыны мен ойлы мақалалары тұтас саланың кеңеюіне сүбелі үлес қосты», - деп атап өтті Мемлекеттік хатшы.

Ал мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков Сауытбек Абдрахмановтың мәдениетті, инабатты, кішіпейіл, білімді, жаза да алатын, айта да алатын терең ойдың адамы, көрнекті тұлға екендігін атап өтті.

«Сабырлы, байсалды, сыйлы азамат, үлкен парасат иесі, белгілі мемлекет қайраткері. Қазақстан орталық партия комитетінде, кейін Үкіметте Әбіш, Иманғали, Қырымбек, Төлен, Әлібек, Сауытбек - бәріміз бірге қызмет еттік. Жақсы жылдар еді. Қиын болса да есімізде қалды. Ағалы-інілі болдық. Сауытбек бүгінде - депутат, көрнекті журналист, белгілі әдебиетші ғалым, мемлекеттік сыйлықтың иегері. Мақтауға да, мақтануға да тұратын үлкен азамат», - деді Мырзатай Жолдасбеков.

ҚР Президентінің кеңесшісі, ҚР ҰҒА академигі Бауыржан Омаров болса мерейтой иесін юморға толы сөзімен құттықтап, іс-шара қатысушыларының көңілін көтерді.

«Сауытбек Абдрахманов - анықтаушысы алты ауыз сөзді құрайтын елеулі есім, қарымды қаламгер, қажырлы қайраткер, салиқалы саясаткер, маңғаз мемлекеттік қызметші, даңқты депутат, ширақ шенеунік, мәртебелі министр, айбарлы ақпаратшы, азулы аппаратшы, алымды аудармашы, әлеуетті әдебиеттанушы, парасатты Пушкинтанушы. Осы әсерлі эпитеттердің бәрі оның өмір жолының әр тұсын өрнектейді. Енді міне оған бүгін 70-тегі жігіт деген тамаша тіркес қосылды. Өмір бар жерде юмор бар. Сол юмордан мерейтой иесінің өзі де кенде емес. Юморды сезінбеген адам өмірді сезінуден қалады. Сондықтан жылы лебізімізді жарасымды юморға бөлеп отырып, сіздің ерекше қасиеттеріңізді санамалап көрейік. Ер жігітке керегі бақ пен бап. Соның сізде екеуі де бар. Бастағы бағыңыз бен үйдегі бабыңыз өзіңізді үнемі алға жетектеп келеді. Бүкіл ақпарат құралдарының жиынтық атауы ретіндегі өңкей бас әріппен жазылатын БАҚ-та сізден ажыраған жоқ. Ендеше түрлі әріппен жазылатын түрі бақтарыңыз сізге серік бола берсін! Бағыңыз да, бабыңыз да қатар өрлей түссін: Тек юморды керемет түсінсеңіз де, сол юморды айтқанда онша қатты күлмейтіндігіңіз, күліп бола сала езуіңізді тез жинап алатыныңыз, бір қараған адамға сәл суықтау көрінетіндігіңіз, өзіңізді аса қатты біліңкіремейтін жанның көзімен зер салғанда ептеп қана сызданып, аздап қана мұзданып тұратындығыңыз болмаса, жалпы өте мейірімді адамсыз», - деп әзілге бұрды Бауыржан Омаров.

«Еліміздің, халқымыздың қазіргі қаламгерлері ішінде орны бөлек Сауытбек Абдрахманұлымен біраз жылдан бері жолдаспыз. Сәкеңнің қаламгерлік дәрежесіне баға беруден аулақпын. Әйтсе де, ойланып оқитын оқырмандарының бірі ретінде баспа бетіне шыққан кітаптарын, мақалаларын мінберден сөйлеген сөздерін оқып, тыңдағанда ерекше әсер алатындардың бірімін. Абай бабамыз: «өзін алма, сөзін ал» деген екен. Сауытбек Абдрахманұлы - өзін де, сөзін алуымыз керек азамат», - деп атап өтті өз кезегінде мемлекет және қоғам қайраткері Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов ұлт зиялыларының «Мәдениет – Құдайдан кейінгі зор күш» деген даналығын қаламгер, ғалым Сауытбек Абдрахманов заманға сай салаландыруға, дараландыруға атсалысқанын баса айтты.

«Біріншіден, Сәукең ақпарат саласының үздігі, шебер ұйымдастырушы ғана емес интелектуалдық бұқаралық ақпарат құралдарының бағын ашқан қаламгер десек, артық айтқан болмайды. Екіншіден, Сауытбек Абдрахманұлы мәдениет ықпалдастығының ірі маманы, кәсіби зерттеушісі, аудармашылығы тағы бар. Үшіншіден, Сәукең шығармашылығын сипаттайтын тапқырлық, шешендік, орайлы юмор жастар үшін аса қажет қасиет деп білемін. Төртіншіден - Сауытбек Абдрахманұлы Қазақстан халқы Ассамблеясының белді және жетекші өкілі, қазақ ұлты мен этностардың бірлікте дамуының жанкүйері. Бесіншіден - Сәукең тамаша дәрісші, парасатты профессор. Білім алушылар Абдрхаманов дәрісін іздеп жүріп тыңдайды», - деді университет басшысы.

Конференция барысында Сауытбек Абдрахмановтың «Елдік ерлігі» атты бес томдық публицистикалық шығармаларының тұсаукесері өтті.


Jańalyqtar

MURAǴAT