Мэлс Елеусізов экологтар партиясын құруға ниетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Табиғат» экологиялық қауымдастықтар мен кәсіпорындар одағының төрағасы Мэлс Елеусізов табиғат жанашыры ретіндегі жұмысын жандандыруға ниетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл іспен айналысқаныма 35 жыл болды. Партия проблемаларды Парламент төрінде айту үшін қажет. Ал Парламент көпшіліктің басымдығы қағидаты бойынша жұмыс істейді. Қазір партия құратын сәт келіп тұр. Маған Президенттің көппартиялық туралы айтып жүргені ұнайды. Бірақ партияны әуелі құру керек. Бұл істе ең маңызды мәселе – адамдардың қызығушылығы. Қазір саясат туралы айтушылар көп. Мен экологиялық партия құру туралы ұсыныс көтердім. Бірақ ол үшін көп адам қажет. Қазір елдің ішінде бұл мәселеде түсіністік бар. Экологияға қатысы жоқ сала немесе адам болмайды. Бәріміздің қатысымыз бар. Қазақстан үшін бұл - ерекше мәселе. Экология – өмірдің негізі. Экологиялық партия құру жұмысын қайта жандандыруды ұсынамын. Бұл партия экология проблемаларымен ғана айналыспауы керек. Өйткені адам жүрген жерде экология мәселесі қоса жүреді», - деді эколог.

Оның пайымынша, партия құру – мемлекетке қажет шаруа.

«Саяси бағыт дұрыс таңдалса жетістік те болады. Барша жұртты экология мәселесімен саяси деңгейде айналысуға шақырамын. Халықтың экологиялық санасы жетілген болуы керек. Бұл – болашақтың қамы. Біз құратын партияны халықтың қолдағаны керек», - дейді Мэлс Елеусізов.

Сондай-ақ, ол күн тәртібінде тұрған өзекті экологиялық проблемалар төңірегінде ой қозғады.

«Ағашты аяусыз кесу тыйылар емес. Алматыда жайдан-жай талай ағаш оталды. Бұл Алматының өміріне қауіпті. Экология мәселесі тым ауқымды. Сондықтан ешкім ештеңені шеше алмай отыр. Кез келген мәселені экология тұрғысынан қарауға болады. Яғни, шешім қабылдаған кезде экологиялық тұрғыдан келсек, нәтиже болады. Қазір климаттың жылынуы белең алып тұр. Табиғи ресурстар сарқылып жатыр. Тіпті өте аз қалды. Экология министрлігінің геологиялық барлауға мән беруі тегін емес. Қазір шара қолданбасақ, қапы қаламыз. Қазірдің өзінде территориямыздың 4% суға айналып кетті. Мұздықтардың 44% еріп жоғалды. Бұлай кете берсе, сусыз қаламыз. Бұл іске сауатты келу керек», - дейді табиғат жанашыры.

Қазір бүкіл елдің аузында жүрген Сорбұлақтың мәселесімен ол 35 жылдан бері алысып келе жатқанын айтты.

«Менің бұған дейін айтқандарымның бәрі шынға айналып отыр. Қазір ахуал қиын. Сорбұлақ бүлінсе, Балқаш ауданы, Іле ауданының жартысы қауіп астында қалады. Бәрі бұл мәселені жылы жауып қойғысы келеді. Бірақ проблемадан қашқанмен құтылмайсың. «Табиғат – салиқалы ұйым. Біз проблеманы көрсетіп қанай қоймай, шешу жолын ұсынамыз. Сорбұлақ мәселесі бойынша бізден басқа ешкім нақты шешім ұсынған да жоқ», - дейді «Табиғат» экологиялық қауымдастықтар мен кәсіпорындар одағының төрағасы.

ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Индира Рыстинаның айтуынша, жастар арасында экологиялық партияға деген сұраныс жоғары.




Фото: qazaly.kz


Соңғы жаңалықтар