Мектептерге академиялық дербестік берілді - БҒМ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биылдан бастап мектептердің педагогикалық кеңестері біраз мәселелерді өздері шеше алады. Бір типтік оқу жоспары болмайды. Әрбір мектеп өзіне ыңғайлы жоспарды қолданса болады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің айтуынша, әрбір мектептің дербес шешім қабылдау құзыреті - жаңа оқу жылының тағы бір маңызды жаңалығы. Осыған байланысты тиісті нормативтік құжаттарға өзгеріс енгізіліп, педагогикалық кеңестің шешім қабылдау құзіреті кеңейтілді.

«Ендігі жерде бес күндік оқуды жалғастыру, типтік оқу жоспарын таңдау, пәндерді ағылшын тілінде жүргізуге көшу, экстернатқа рұқсат беру, кейбір пәндерді бөліп, не бөлмей оқыту, білім сапасын бақылау және тағы да басқа сұрақтарды педагогикалық кеңес өзі шешеді», - деді Е.Сағадиев Тамыз конференциясының пленарлық мәжілісінде.

Министрдің сөзіне қарағанда, енді бір типтік оқу жоспары болмайды. Бүгінде бірнеше жоспар әзірленді.

«Мектеп өзіне келетін жоспар бойынша жұмыс жасай алады. Осылайша, барлық мектептерге осы типтік оқу жоспарлары арқылы академиялық дербестік беруді дұрыс деп есептейміз. Жалпы, мектеп жоспарларымен қатар гимназия, лицейлер, дарынды балаларға арналған мектептер, кешкі мектептер үшін оқу жоспарлары дайындалғанда мұғалімдердің ұсыныстары ескерілді», - деп атап көрсетті Е.Сағадиев.

Айта кетейік, биыл министрлік мұғалімдердің жүктемесіне қатысты бұйрықты шығарды. Оған сәйкес, мектеп мұғалімі тек 5 құжатты ғана толтыруға міндетті. Одан артық салмақ салынса, мектеп басшылығының үстінен арыз түсіруге болады.  

 

 

Соңғы жаңалықтар