Мектептердің жабылуы, гранттардың игерілмеуі, қазақ екенін дәлелдеу - шеттегі қазақтарды қандай мәселелер мазалайды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Отандастар» қоры» КеАҚ президенті Абзал Сапарбекұлы «Шет елдердегі қазақ халқының 100 киелі орны» бағдарламасын әзірлеуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Күрделі мәселенің бірі – шетелдегі қазақ жастарын Қазақстанда білім алуға тарту. Мемлекеттік квота негізінде қандастарға бөлінетін гранттар тиімді игерілмейді. Мысалы, былтыр 4 пайыздық мемлекеттік квотамен бөлінген грант саны 2 920 болғанымен, оның игерілу көрсеткіші 25%-ға да жетпеді. Оның басты себебі – қандастарға Ұлттық бірыңғай тест тапсырудың қиынға соғуы. Осы ретте, қандастарды ЖОО қабылдау механизмін өзгерту қажет. ҰБТ-ның орнына стипендиялық бағдарлама арқылы оқуға қабылдауды ұсынамыз», - деді Абзал Сапарбекұлы қор жанындағы қоғамдық комиссияның отырысында.

Сондай-ақ, көптен бері күрмеуі шешілмей жүрген күрделі мәселенің бірі – қандастардың этникалық қазақ екенін дәлелдеуі. Ол, әсіресе, Түркия, Ауғанстан, Пәкістан, Сауд Арабиясы және Иран қазақтары үшін өте өзекті.

«Себебі, бұл мемлекеттердің төлқұжаттарында ұлт көрсетілмейді. Қазіргі таңда ұлтының қазақ екенін растау үшін қайда жүгінуі керегін сұраған қандастар қатары көбейіп отыр. Сонымен қатар, қандастар визасыз келіп-кету және виза алу мәселесінде өздеріне бұрындары берілген артықшылықтардың алып тасталғанына реніш білдіріп жатыр», - дейді қор басшысы.

Оның айтуынша, шетелдегі қазақ мектептерінің жағдайы да өте күрделі. Өзбекстан мен Моңғолияны есепке алмағанда, басқа елдерде толық қазақ тіліндегі мектептер жоқ. Басқа елдердегі қазақ мектептері жабылған немесе жабылып жатыр. Өзбекстан мен Моңғолиядағы қазақ мектептерінің материалдық және оқулық жағдайлары сын көтермейді, мұғалімдер жетіспейді. Шетелдегі қазақтілді БАҚ та материалдық қолдауға зәру.

«Шет елдерде қазақ мәдениеті мен тарихына қатысты тарихи және қасиетті орындарды анықтап, мемлекеттік қорғауға алу керек. Мұралар тізбесін түзіп, «Шетелдердегі қазақ халқының 100 киелі орны» бағдарламасын әзірлеу қажет деп ойлаймыз. Шетел қазақтарының мәдениеті мен әдебиеті, өнері мен тарихы бойынша ұрпақ сабақтастығын зерттеп-зерделейтін ғылыми ізденістер қажет. Жалпы алғанда, жырақтағы қазақтар Қазақстанның шетелдегі қазақ диаспорасы мен отандастарды қолдаудың мемлекеттік стратегиясы мен бағдарламасы болу қажеттігіне баса назар аударады. «Отандастар қорының» шетелдегі қазақтарды қолдау әлеуетін күшейтуді сұрайды. Шетелдегі қазақ ұйымдарының материалдық базасын жақсартуға сұраныс өте көп түседі», - дейді «Отандастар қорының» президенті.


Соңғы жаңалықтар