Мектептерде технологиялық үйірмелер құру керек - Ералы Тоғжанов

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін педагогтердің республикалық тамыз конференциясында Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов қосымша білім беруді дамыту бағытында министрлікке тапсырмалар жүктеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Балаларды жан-жақты дамытуда, оларды өнер мен спортқа баулуда қосымша білімнің, сабақтан тыс жұмыстардың, түрлі үйірмелер мен секциялардың үлесі зор. Бүгінде 1,5 мың ұйым, 63 мың үйірме мен спорт секциялары қосымша білім берумен айналысады. Нәтижесінде балалардың 70 пайызы қосымша білім берумен қамтылған. Келесі жылы бұл көрсеткішті 80 пайызға дейін жеткізуіміз керек. Асхат Қанатұлы, Мәдениет және спорт министрлігімен бірге балаларға қосымша білім беруді дамыту бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді сұраймын. Онда мектептер мен колледждер базасында фаблабтар, технологиялық үйірмелер желісін, техникалық шығармашылық орталықтарын құруды жоспарлау қажет», - деді Е.Тоғжанов Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовке қарата айтқан сөзінде.

Оның айтуынша, оқушылар мен колледж студенттеріне мұғалімдердің жетекшілігімен өздерінің инженерлік идеяларын дамытуға, түрлі бұйымдар мен бөлшектерді құрастыруға мүмкіндік жасау қажет.

«Қосымша білім беруді дамыту жұмыстары жоғарыда айтып өткен «Жаңа Қазақстан» жастарын қалыптастыру тұжырымдамасының бір бөлігі болуы тиіс», - деді Үкімет басшысының оынбасары.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанда Білім беру ұйымдарындағы біртұтас тәрбие беру тұжырымдамасы әзірленеді.


Соңғы жаңалықтар