Мектептерде мамандандырылған спорт сыныптары мен топтары құрылатын болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -Жаңа редакциядағы «Дене шынықтыру және спорт туралы» заң жобасында жалпы бiлiм беретiн мектептерде мамандандырылған спорт сыныптары мен топтарын құру туралы норма қамтылып отыр. Аталған норма спорт резервiн дайындау мақсатында енгізілген. Бүгін Мәжілісте ҚР Спорт және дене шынықтыру агенттiгiнiң төрағасы Тастанбек Есентаев осылай мәлімдеді.

Агенттік басшысының айтуынша, мұндай тереңдетiлген оқу-жаттығу үдерісiне негiзделген сыныптар мен топтарда оқушылар спорттық шеберлiгiн шыңдайтын болады.

«Сонымен қатар, заң жобасында студенттер мен мектеп лигаларын дамыту мақсатында бiлiм беру ұйымдарына спорт клубтары мен федерациялар құру құқығы беріледі. Әскери қызметшiлер мен құқық қорғау органдарының және арнайы мемлекеттiк органдардың қызметкерлерi арасында спортты одан әрi дамыту үшiн олардың даярлығын көздейтiн және аталған тұлғаларды тиiстi нормативтермен қамтамасыз ету, командалар қалыптастыру тәртiбiн көздейтiн нормалар да қамтылған», - дейді Тастанбек Есентаев.

Бұдан бөлек, жаңа құжатта мүгедектер спортының ерекшелiктерiн ескере отырып, тиiстi қоғамдық бiрлестiктердiң спорт түрлерi бойынша бағдарламаларын әзiрлеу қарастырылады. Сондай-ақ, азаматтардың барлық санаттары арасындағы теңдей құқықты қамтамасыз ету мақсатында түзеу мекемелерiндегi дене шынықтыру мен спорт туралы арнайы бап енгiзiлген.

«Спорт резервi туралы тарау толығымен жаңадан жазылды. Спортшылардың құқықтары мен мiндеттерi белгiлендi. Спорт ұйымдарында спортшылардың жасын регламенттеуге мүмкiндiк беретiн нормалар енгiзiлдi. Бұдан бөлек, спортшыларды тiркеу мәселесi де қарастырылып отыр. Бұл өз кезегiнде спортшыларды ғана емес, олардың жаттықтырушыларын да есепке алуға мүмкiндiк бередi. Спортшылардың оқу-жаттығу сабақтарынан бастап жоғарғы спорттық нәтижеге қол жеткiзгенге дейiнгi жолын бақылауға жағдай туғызады», - дейді агенттік басшысы Т. Есентаев.

Соңғы жаңалықтар