Мектептерде мамандандырылған күзет міндетті түрде болады - ІІМ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан мектептерінде мамандандырылған күзет міндетті түрде болады. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Баймұқашев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде білім беру ұйымдарының басым бөлігі террористік тұрғыда әлсіз нысандар санатына жатқызылған. Мамыр айының басында Үкімет қаулысымен мұндай нысандарды антитеррористік қорғаудың жаңа талаптары бекітілді. Егер бұған дейін мұндай талаптар ұсыныс сипатында болса, енді білім беру нысандары бақылау жүйесімен, қызметкерлер мен келушілерді хабарландыру құралдарымен, «дабыл» түймешегімен, мамандандырылған күзетпен, өткізу жүйелерімен міндетті түрде жабдықталуы тиіс», - деді комитет төрағасы Ішкі істер министрлігінде өткен баспасөз мәслихаты барысында.

Оның атап өтуінше, еліміздің Білім және ғылым министрлігі тиісті нұсқаулық әзірлеп жатыр.

«Сонымен қатар ол террористік қауіп туындаған жағдайда педагогтар мен оқушылардың іс-әрекетінің жан-жақты тәртібін қамтиды», - деді Мұрат Баймұқашев.

Еске сала кетейік, 11 мамырда Татарстанның Қазан қаласындағы мектепте белгісіз екі адам оқ жаудырған болатын.

Атыс кезінде 8 адам қаза тауып, тағы 21-і зардап шекті.

Осы оқиғаға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге көңіл айтты.

Татарстан Президенті Рустам Минниханов 12 мамырды республикада аза тұту күні деп жариялады.


Соңғы жаңалықтар