Мектептер неліктен көркем әдеби кітаптарға сұраныс бермейді – министр мәселе көтерді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектептердің көркем әдеби кітаптарға сұраныс бермейтініне алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бізде оқулықтарға тапсырыс беру жағынан проблема бар. Мектеп оқулық көлемі бойынша бір сұраныс, ал білім басқармасы немесе бөлімі екінші көлем бойынша сұраныс жолдайды. Себеп түсініксіз. Бәлкім бұл бағытта Шолпан Таңатқызы (вице-министр Қаринова) арнайы мониторинг тобымен мәселені бақылауға алу керек болар. Тәуекелдер көп», - деді Асхат Аймағамбетов Білім және ғылым министрлігінің аппараттық отырысында.

Министр сонымен қатар мектептердің көркем әдебиетке сұраныс бермейтінін айтып қалды.

«Біз балалардың оқуға, кітапқа, әдебиетке деген махаббатын оятқымыз келеді. Бірақ оқу орындары мен мектептер көркем әдеби кітаптарды алғысы да келмейді. Керек десеңіз, қазір тиісті әдеби кітаптардың қоры да қалмай барады. Сол себепті бұл мәселені де назарға алайық», - деді Асхат Аймағамбетов.

Еске сала кетсек, бұған дейін Асхат Аймағамбетов мектептерге оқулық жеткізуге қатысты жыл сайын қайталанатын проблеманы көтерген болатын.

«Жыл сайын бізде оқулықтарды жеткізу (мектептерге) бойынша проблема туындайды. Сол себепті осы жылдың 31 наурызына дейін оқулықтарды жеткізу бойынша мемлекеттік сатып алу жұмысын аяқтауды тапсырамын. Әдеттегідей, шілде немесе тамыз айларына дейін күтудің қажеті жоқ. Олай етсек, жыл сайын осы проблемамен бетпе-бет келе береміз. Бұл жұмысты 31 наурызға дейін атқаруға ештеңе кедергі келтіріп тұрған жоқ», - деді ол.



Соңғы жаңалықтар