Мектептер қайта ашылсын десеңіздер вакцина алыңыздар – Аймағамбетов мұғалімдерге үндеу жасады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мұғалімдерді коронавирусқа қарсы вакцина алуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Вакцинаға қатысты әртүрлі алып-қашпа сөздер бар. Оны білеміз. Біреу былай дейді, екіншісі былай дейді. Заң бойынша вакцина алу - әр адамның өз еркі. Өзі шешім қабылдайды. Бірақ, мектептерді ашамыз, дәстүрлі форматқа көшеміз десек, жалпы мектепте жұмыс істеп, ары қарай тиісті, қажетті сағаттарымызды аламыз десек, әрине вакцина алмасақ болмайды. Өйткені, вакцина алу - ең алдымен өзіңді, екіншіден - жақындарыңызды қорғау. Үшіншіден, балаларды қорғаудың бірден-бір кепілі», - деді министр республикалық педагогикалық кеңесте.

Сонымен қатар ол өзінің және әріптестерінің барлығы қазақстандық және өзге де вакциналарды алғанын атап өтті.

«Сондықтан сіздерге үндеу жасаймыз. Көздеріңіз ашық қой. Білім саласында істейтін әріптестеріміз вакцинаның не екенін біліп, адамзаттың ойлап тапқан ең үлкен жақсы шешімдерінің бірі екендігін біле тұрып, вакцина алмасақ, онда кім алады? Біз - ағартушы саламыз. Басқаларға «вакцина алыңдар, алып-қашпа сөздер өтірік, сенбеңіздер» деп айтуымыз керек. Сондықтан осы вакцинаны белсенді алуларыңызды сұраймыз», - деген Асхат Аймағамбетов кейбір мұғалімдердің денсаулығына, медициналық көрсетілімге байланысты вакцина алмауы мүмкін екенін де ескертіп өтті.

Сонымен қатар ол келесі жаңа оқу жылында мектептердің дәстүрлі форматта жұмыс істеуі үшін мұғалімдердің басым бөлігі вакцина алуы керектігін айтты.

«Ендігі жылы мектеп ашылмаса, барлық сағаттарды сақтап қалып, биылғыдай отыра беруге мүмкіндік бола ма, болмай ма деген де сұрақ туындайды», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар