Мектептер ата-аналардан жұмыс орнынан анықтаманы талап ете алмайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мектептер ата-аналардан жұмыс орнынан анықтаманы талап ете алмайды. Бұл туралы бүгін Астана қаласы Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әнуар Жанғозин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл сұрақты ата-аналар жиі қойып жатады. Жұмыс орнынан анықтама талап ету құқыққа қайшы. Өздеріңіз білесіздер, балаларды мектепке қабылдау мемлекеттік қызмет болып табылады және ол стандартқа сәйкес жүзеге асырылады. Стандарт бойынша тиісті құжаттар тізбесі бекітілген»,-деп түсіндірді Жанғозин Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, құжаттар тізбесінде баланың ата-анасынан немесе ресми өкілінен өтінім, медициналық төлқұжат, 3х4 көлеміндегі екі фотосурет, тұрғылықты жерден анықтама, яғни мекенжай анықтамасы немесе пәтерді жалға алу құжаты қамтылған. Атап айтқанда, мектеп тек осы құжаттарды ғана сұрата алады.

«Қалғандары аталған мемлекеттік қызметтің  стандартына жатпайдықтан, олар артық құжаттарды сұрата алмайды. Сондықтан осы тектес жағдайлар туындаса, онда бізге өтінім жасай аласыздар. Біз өз кезегімізде әр мектеп бойынша шешім шығарамыз»,-деді ол.

Соңғы жаңалықтар