Мектептегі цифрлық орта қандай болуы керек – мәселені БҚО мұғалімдері талқылады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Әдістемелік лайфхак» цифрлық форумы мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиында қазіргі кезде еліміздің мұғалімдерін толғандырған білім беруді трансформациялау, мектептердегі цифрлық орта, оқушылардың белсенділігін арттыру, заманауи ұстазға қойылатын жаңа талаптар және басқа да өзекті мәселелер талқыланды.

«Форум қашықтан оқыту кезінде мұғалімдерді қолдау бойынша жүйелі жұмыстар және мектебіміздің бастамасымен жүзеге асқан «Жаңа заман мұғаліміне арналған цифрлық гайд» жобасы кезеңдерінің бірі болды. Цифрлық құралдар педагогтер үшін оқу процесін тиімді ұйымдастыру және оқушылардың бойында ХХІ ғасыр дағдыларын дамытудың заманауи әдісіне айналып отыр», – деді мектеп директоры Айдарбек Айтпукешев өз сөзінде.

«Назарбаев қорының» білім беру саласындағы бас сарапшысы Нәзипа Аюбаева қашықтан оқыту жағдайында мұғалімнің рефлективті тәжірибесінің маңызы на тоқталды. Сондай-ақ ұстаздардың мектептегі кәсіби дамуы мен бірлескен шеберліктері оқушылардың білім алуына тиімді әсер ететінін жеткізді.


EdCrunch University НИТУ «МИСиС» орталығының директоры Нұрлан Қиясов цифрлық алшақтықты қайта қарастыру, технологияны пассив қолданудан белсенді пайдалануға көшу және мектептегі цифрлық білім беру ортасын қалыптастыру ерекшеліктерін ескеруге шақырды.

Білім беруді трансформациялау тақырыбындағы панельді пікірталаста А.Н.Туполев атындағы Қазан ұлттық зерттеу техникалық университеті (РФ) жанындағы инженерлік лицей директорының орынбасары Индир Халиков, Оралдағы педагогикалық шеберлік орталығының менеджер-әдіскері Гүлнәр Есмағұлова және Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледж директорының орынбасары Зинур Мұхтар баяндама жасады.

Форумға қатысушылар әртүрлі заманауи ресурстардың ішінен тиімді цифрлық құралды қалай таңдауға болады, еңбек нарығы алдағы жылдарда қалай өзгереді, виртуалды әлем шынайы әлемге қалай әсер етеді, табысты офлайн жобаны табысты онлайнға қалай айналдыруға болады және қазіргі таңдағы мұғалімдердің практикасындағы басқа да көкейкесті мәселелерді талқылады.


«Цифрлы гайд» лайфхактар павильонында зияткерлік мектептің үздік мұғалімдері Pear Deck, LINOIT онлайн тақтасы, CLASSTIME, WORDWALL, Mindmeister сервистері сияқты онлайн-платформалар, пайдалы веб-сайттар, лайфхактар мен ұтымды шешімдерді таныстырып, олардың сабақта тиімді қолданылуын көрсетті. «Сандық сабақ» сессиясында облыстық жалпы орта мектеп мұғалімдері постер түрінде зерттеулерін ұсынды.

Форум соңында NIS мұғалімдерінің АКТ дағдыларын дамыту, қашықтан оқытудың озық тәжірибесін тарату және мұғалімдердің шығармашылық бастамасын дамыту мақсатында ұйымдастырылған «Үздік онлайн-сабақ» кәсіби шеберлік байқауының қорытындысы белгілі болды.


Қазіргі заман сабағы – мұғалімнің монологы емес, пікірталас, зерттеу мен тәжірибе алаңы. Мұғалім жетекшілік етеді, ынталандырады, белсенді оқуға жағдай жасайды. Сол себепті мұғалімдердің кәсібилігіне қойылатын талаптар да артып келеді – енді олар заманауи оқыту әдістерін қолдана білуі керек. Форумға қатысушылар осындай ортақ пікірге келді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жаңа геопорталдың таныстырылғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар