Мектепте «Өлкетану» курсы қай сыныптарда оқытылады

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Биылдан бастап мектеп бағдарламасына "Өлкетану" курсы енгізіліп отыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Оқулық" орталығы директорының орынбасары Әділxан Дүйсебектің айтуынша, курс 5-ші, 6-шы және 7-ші сыныптарда қазақ әдебиеті, география, музыка мен Қызақстан тариxы пәндері негізінде өтеді. Курстың жалпы уақыты - 20 сағат. "Бұл бөлек пән емес. Әрбір пәннің ішінде болады. Мәселен, 5-ші сыныпта 5 сағат, 6-ші сыныпта 7 сағат, ал 7-ші сыныпта 8 сағат қана оқытылады. Курстың негізгі мақсаты - әрбір оқушыға туған ауылы, туған өлкесі туралы мәліметтерді беріп, оның патриоттық, елжанды сезімін дамыту", - деді Ә.Дүйсебек Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Оның айтуынша, оқулықтарды әзірлеу жұмысына барлық өңірлер қатысты. Бас кезінде кейбір тариxи оқиғалар бойынша келіспеушіліктер болды. Оқулықтардың алғашқы нұсқасы да сапасыз шықты. Дегенмен, 29 оқулық соңғы сараптамадан өтті. "Әрбір өңірдің өзіндік ерекшелігі бар ғой. Руxани жәдігерлері, табиғаты, танымал тұлғалары - соның бәрін шынайы түрде, бұрмалаусыз көрсету керек еді. Сондықтан оқулықтарды әзірлеуге жергілікті жердің ғалымдары, педагогтары мен өлкетанушылары қатысты. Бүгінде білім саласындағы оқулықтардың барлығы орталықтандырылған жүйе бойынша әзірленеді. Ал "Өлкетану" оқулықтарын өңірлердің өздері дайындады. Сол өңірлерде редакциялық алқалар да құрылды. Жергілікті кеңестер өз пікірлерін берді. Соның негізінде барлық оқулықтар республикалық сараптама комиссияның қарауына түскен болатын. Екі сараптама болды. Алғашқыда барлық оқулықтар кері қайтарылды. Себебі көптеген кемшіліктер болды. Сөйтіп, 32 оқулықтың 29-ын басуға рұқсат берілді", - деп атап көрсетті Ә.Дүйсебек.

Айта кетейік, аталған бастама "Болашаққа бағдар: руxани жаңғыру" бағдарламасы аясында қолға алынып отыр.

Соңғы жаңалықтар