Мектепте оқушыларға мантудың орнына БЦЖ салу оқиғасы: Ақтөбеге арнайы комиссия келді

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Еліміздің жетекші мамандары манту сынамасының орнына вакцина алған ақтөбелік оқушыларды тексеріп жатыр. Ақтөбеге ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы комиссиясы келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Ақтөбеге ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы комиссиясы келіп, №74 мектептің 1-сынып оқушыларының ата-аналарымен кездесті. Делегацияны денсаулық сақтау вице-министрі – бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова басқарады.

«Жағдай министрдің жеке бақылауында. Қызметтік тергеу басталды, комиссия құрылды, жоспардан тыс тексерулер де жүргізіліп жатыр. Эпидемиологиялық тексерудің қорытындысы бойынша және сараптама нәтижесінің негізінде оқиғаға баға беріліп, медицина қызметкерлерін жауапқа тарту туралы шешім қабылданады. Барлық бала жіті бақылауда болады», - деді Айжан Есмағамбетова.

Кездесу барысында ата-аналар мамандарға сұрақтарын қойып, жауап алды. Ал манту сынамасының орнына БЦЖ вакцинасын алған балалар мектепте сабаққа қатысып, сонымен қатар медициналық тексеруден өтеді. Бүгін оларды Ақтөбеге келген республикалық ұлттық фтизиопульмонологиялық орталықтың, педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының жетекші мамандары тексерді.

Ақтөбе облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жағдай Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың ерекше бақылауында. Аймақ басшысының тапсырмасымен бүгін мектеп мемлекеттік емхананың қызметіне берілді. Балалардың денсаулығын тұрақты бақылау мақсатында қаладағы үздік дәрігерлердің арасынан шыққан педиатрлар екі ай бойы білім ошағында кезекшілікте болады.

Еске салсақ, осы дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүріп жатыр.


Соңғы жаңалықтар