«Мектепке жол»: Көмекке мұқтаж атыраулықтар жедел желіге хабарласа алады

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында «Мектепке жол» акциясы аясында 20 мыңға жуық оқушыға көмек беріледі. Көмекке мұқтаж отбасылардан өтінім қабылдау үшін жедел желілер іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтіп жатыр.

«Қайырымдылық іс-шарасы аясындағы көмекті көпбалалы және аз қамтылған, сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалар алады. Қазір облыстың білім беру мекемелерінде жедел желілер іске қосылып, үздіксіз жұмысы ұйымдастырылып отыр. Қиын өмірлік жағдайға тап болған барлық бала мен ата-ана көмек сұрай алады.

Акцияға кез келген адам қатыса алады. Еріктілер, бизнесмендер, меценаттар, үкіметтік емес ұйымдар мен өзге де тұрғындардың мұқтаж отбасылар мен балаларға қолдау көрсетуіне мүмкіндігі бар. Мұқтаж жандар жедел желілер арқылы көмек сұрай алады», -дейді Атырау облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнагүл Дүйсекенова.

Оның айтуынша, Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқығын қорғау комитеті «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясына бастау берді. Балалар жылында бұл шара «Мектепке жол – шекарасыз жақсылық» атауымен өтіп жатыр. Акция 31 тамызға, яғни жаңа оқу жылы басталғанға дейін жалғасады.

«Мектепке жол» акциясы аясында көмек алу үшін ата-аналар білім басқармалары мен мектептерге хабарласуы қажет.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау мұнайшылары асыраушысынан айырылған көпбалалы анаға пәтер сыйлағанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар