«Мектепке жол»: Батысқазақстандық сақшылар бірнеше мектепке қолұшын созды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Берік Өтеулин «Облыстық балалар үйі», «Көшім балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесі», «Зерде бұзылыстары бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп интернаты» мемлекеттік мекемелерінің директорларына сертификаттар табыс етті.
Облыстық департамент қызметкерлері бір күндік жалақыларын жинақтап, мүмкіндігі шектеулі, жетім, тұрмыстары нашар балалардың керек-жарақтары үшін сол балдырғандар оқып-тәрбиеленіп жатқан аталған мектептер есепшоттарына аудару туралы шешім қабылдады.
«Өткен жылы дәл осы шара аясында аударған қаражаттарыңызға балалар бөлмесіне қажетті жиһаздар сатып алдық. Биыл орталықтандырылған ойын кешенін құрсақ деп жоспарлап отырмыз. Мектеп ұжымының атынан алғысымызды айтамыз», деген «Көшім» балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесінің директоры Кемел Сәдбеков департамент басшылығына балалар қолымен жасалған әдем торсықты тарту етті.
Қалған мектептер басшылары да алғыстарын білдіріп, сақшылардың қызметіне сәттілік тіледі.
Айта кетейік, батысқазақстандық сақшылар өткен жылы 6 миллиондай теңге аударған болатын. Биыл 5,7 млн. теңгедей жиналды.
«Мектепке жол» шарасы одан әрі жалғасуда.
- Елбасы жолдауы
- Жолдау жүктеген міндеттер
- Қазақстан тарихы
- Әлемдік БАҚ Қазақстан туралы
- Жаңа индустрияландыру
- Болашаққа 100 қадам




