+7 (701) 759 90 19
USD 397.56 EUR 445.94
RUB 5.82 CNY 55.96
Jańalyqtar

Мектепке директор тағайындауда Президент кадр резервінің мүшелеріне басымдық беріледі

2020 жылғы 11 наурыз 15:25
Бөлісіңіз:
Мектепке директор тағайындауда Президент кадр резервінің мүшелеріне басымдық беріледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Президент кадр резерві мен «Болашақ» бағдарламасының қатысушыларына білім беру ұйымының директорын таңдауда басымдық берілмек. Бұл туралы ҚР БҒМ мектепке дейінгі және орта білім комитетінің педагогикалық кадрлар мен көрсетілген мемлекеттік қызметті мониторингтеу жұмыстары жөніндегі басқарма басшысы Айман Дүйсембаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі таңда «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында бірқатар нормативті-құқықтық құжаттарды қабылдап жатырмыз. Соның бірі – білім беру ұйымдарының басшыларын тағайындау ережесі. Бұл жерде мектепке дейінгіден бастап толығымен техникалық-кәсіптік білім беру жүйесіне дейінгі білім беру ұйымдарының басшыларын тағайындау ережесі жасалып жатыр. Қазіргі таңда бұл ереже мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен келісілуде. Жергілікті атқарушы органның барлығынан келісім алдық», - деді Айман Дүйсембаева Білім және ғылым министрлігінің елордада өтіп жатқан жиналысында.

Басқарма басшысының айтуынша, бұрынғы тәртіп бойынша тек талаптар қойылып, директорлар тағайындалып келген. Ал қазір мектепке дейінгі ұйымдар үшін - бір бөлек, арнайы мамандандырылған мектептер үшін - бір бөлек, техникалық және кәсіптік білім ұйымдарында - бір бөлек талаптар бекітілгелі отыр. Яғни, әр ұйымның өзіндік талаптары бар.

«Бірақ бәріне қатысты бір талап бар - үміткер 72 сағаттық менеджмент курсынан міндетті түрде өтуі тиіс. Сонымен қатар оның бірінші, жоғары немесе жаңа деңгейдегі сарапшы, зерттеуші және шебер санаттарының болуы міндетті. Бұл үрдіс төрт кезеңмен өткізіледі. «Болашақ» бағдарламасы және Президент кадр резервінен келген үміткерлерді бірден төртінші кезеңге жіберуді қарастырып отырмыз. Одан бөлек кейінгі кезде қамқоршылық кеңестен өтпеген жағдайда біз үміткерді облыстық білім басқармасына ұсынамыз», - деді ол.

Басқарма басшысы білім ұйымдарына басшылық ету үшін директор өтуі тиіс төрт кезеңді атап берді.

«Біріншісі – үміткердің құжаттарын қарау, екінші кезең – қамқоршылық кеңесіне жіберу, үшіншісі – облыстық білім басқармасынан келісім алу, төртінші кезең – жергілікті жердегі конкурстық комиссияға бару. Сонымен қатар педагогика және психология бойынша тест жалпы 120 сұрақтан тұрады. Соның әрбір бағытынан міндетті түрде 50 пайыздық ұпай жинау керек. Сонда ғана конкурсқа жіберіледі», - деді ол.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Аян Бекенұлы

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059

MURAǴAT