Мектепке дейінгі білім берудің жаңа стандартында қандай өзгерістер бар

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Оқу-ағарту министрі Аcхат Аймағамбетов өзінің Facebook парақшасында Мектепке дейінгі білім берудегі жаңа стандартқа қатысты ойын бюілдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Көп жыл бойы білім беру жүйесінің басым бағыты балаларды барынша көбірек қамту үшін жаңа мектепке дейінгі ұйымдарды ашу болды. Бұл бағытта аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды да қамтуды кеңейтуге бағытталған жұмысты жалғастырып келеміз.

Бүгін мектепке дейінгі білім берудің мазмұны мен сапасы мәселелері бағытындағы Оқу-ағарту министрлігінің соңғы бастамалары жайында айтқым келеді.

Бұл тәуелсіздік жылдарындағы мектепке дейінгі білім беру мазмұнын түбегейлі өзгертетін ең үлкен реформа деп айтуға болады»,-дейді министр.

Оның сөзінше, биыл мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңа Мемлекеттік стандарты мен үлгілік бағдарламалардың қабылдануы осы мәселедегі басты қадам болды. Баланың барлық аспекті бойынша «толық дамуы» бірінші орынға қойылған. Оның ішінде интеллектуалды, құндылық, әлеуметтік-эмоционалды және физикалық даму бар.

Осы мақсатқа жету үшін стандартта бірқатар өзгеріс бар.

Бірінші. Оқу жоспарының икемділігі кестені және сағат жүктемесін қатаң реттеуді болдырмау арқылы қамтамасыз етілді. Енді мектепке дейінгі ұйымдар еркін күн тәртібін әзірлей алады. Бұл тәрбиешілерге әр түрлі оқыту тәсілдерін қолдануға, минут сайын қатаң кестеге байланбай, күні бойы балалар үшін ойын және оқу жаттығуларын ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Екінші. Жаңа стандарт «ойын арқылы оқыту» қағидасына негізделген ерте жастағы балаларды дамытудың негізгі әдістемесіне оралуға мүмкіндік береді. Бұрын Үлгілік оқу жоспарларында сағат саны қатаң көрсетілетін. Мұндай әдіс сабақты кесте бойынша мектеп сабақтары сияқты ресми түрде өткізуге әкелді. Оған қоса, бұл балабақшаларға аттестация беру кезінде тексеру нысанасына айналды, өйткені стандарттың орындалуы жұмыс істеген сағат саны бойынша қатаң тексерілді. Сабақ түріндегі мұндай оқыту осы жастағы балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес келмейді.

Үшінші. Жаңа үлгілік оқу жоспарында біз мұғалімдер мен балалар арасындағы өзара іс-қимылының негіздерін қарастырдық. Оларға балалардың сөйлеуін дамыту, кітап оқу, математика негіздерін үйрету, шығармашылық және зерттеу жұмыстарымен айналысу бойынша күнделікті жұмыс кіреді.

Бұл қызмет түрлерін үй жағдайында да дамыту маңызды екенін атап өткім келеді. Мысал келтіре кетейін. TIMSS 2019 зерттеуінің нәтижелері көрсеткендей, ата-анасы ерте жастан кітап оқуға, танымдық ойындарға, жазуға, санауға және сызуға «жиі» үйрететін 4-сынып оқушылары ата-аналары «анда-санда» ғана айналысатын балаларға қарағанда математикадан 15 ұпайға жоғары жинайды.

Төртінші. Сонымен қатар стандартта балалардың бойына құндылықтарды сіңірудің тәсілдері мен әдістері бар.

Бұл ұлттық, отбасылық құндылықтар, патриоттық сезім, Отанға деген сүйіспеншілік, қоғамдағы мінез-құлық ережелері, қауіпсіздік ережелері және т.б. Тәрбиеші баланы ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсінуге, сыпайы және мейірімді болуға, дос болуға, құрметтеуге, көмектесуге, бөлісуге, қызығушылық танытуға, қоршаған әлемді бақылауға, зерттеуге және т.б. үйретеді. Бұл құзыреттің барлығы жетекші елдердің, соның ішінде Финляндия, Гонконг, Эстония, Оңтүстік Кореяның бағдарламаларында нақты көрсетілген.

«Қорыта келгенде, балаларды тәрбиелеу мен оқытуда бұрынғы стандартта шектеу қою, белсенді ойындарға уақыттың жеткіліксіздігі, «партада» ұзақ отыру басым болғанын атап өткім келеді. Жаңа стандарт мектепке дейінгі ұйымдарға ыңғайлы болуға, құндылықтар мен құзыреттіліктерді дамытуға және жас балалар үшін табиғи ойын үлгісін кеңінен қолдануға бағытталған.

Мұның бәрі баланың мектепте оқу дайындығын және алдағы білім жолы мен өмірінде жетістікке жетіп, жан-жақты дамуына әсер етеді»,-деп жазды Асхат Аймағамбетов.


Соңғы жаңалықтар