Мектепке дейінгі білім берудің жаңа моделі әзірленеді – министр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мектепке дейінгі білім берудің жаңа моделі әзірленеді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«3 пен 6 жас аралығындағы балаларды қамту көрсеткіші 98,8 пайызға дейін жетті. Десек те, 2-ден 6 жасқа дейінгі балаларды қамту деңгейі әлі де 71 пайызды ғана құрайды. Сондықтан біз енді ерте жастағы, яғни 2 мен 6 жастағы балаларды қамту міндетін басты назарға қойып отырмыз. Осы жастағы балалар үшін ең көп кезек бүгінде Алматы, Түркістан, Маңғыстау облыстары мен Алматы, Шымкент қалаларында. Мақсат – 2025 жылға қарай 2-6 жастағы балаларды қамтуды 95 пайызға, ал 3-6 жастағы балаларды қамтуды 100 пайызға жеткізу», - деді министр.

Асхат Аймағамбетовтің атап өтуінше, ол үшін жеке меншік балабақшалар желісін одан әрі дамыту, ваучерлік қаржыландыруды, сонымен қатар әлеуметтік тәрбиеші институтын енгізу тетіктерін кеңінен қолданылады.

«Сәйкесінше әкімдіктерден мемлекеттік тапсырыс мөлшерін нормативке сай төлеу мәселесін шешулерін сұраймын. Өйткені олсыз жаңа орындар ашу мүмкін болмайды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мектепке дейінгі білім берудің жаңа моделі әзірленеді. Оны енгізу жаңа оқу жылынан басталады. Бұл үшін «Ойын арқылы оқыту» қағидаты негізінде мемлекеттік стандартқа өзгерістер енгізіледі. Тәрбиешілерді даярлау, біліктілігін арттыру жүйесі және бағдарламалар жаңарады. Сонымен бірге енгізілетін Ваучерлік қаржыландыру тетігі де балабақшалардың бәсекелестігін арттыру арқылы білім сапасына да оң өзгеріс әкелетіні анық», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар