Мектеп оқушысының анасы «Жас отбасы» мектебін құруды ұсынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елімізде «Жас отбасы» мектебін, Ата-аналар қауымдастығын құру қажет. Мұндай ұсынысты бүгін елордада өтіп жатқан Тамыз конференциясында Орал қаласындағы №44 мектеп оқушысының анасы Клара Ризуанова жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақ ел боламын десең бесігіңді түзе» деп бала тәрбиесіне қай кезде де ерекше назар аударған. Бабаларымыздың осы қағидасын берік ұстанатын болсақ, біз мұратымызға жетеміз. Біз осы қағиданы мүлтіксіз орындап жүрміз бе? Мен әкелерінен ерте қалған 7 бала өсіріп, тәрбиелеп, жоғары білім алуларына, өмірден өз орындарын табуларына жағдай жасап отырған анамын«, - деді ол.

Осы ретте оқушы анасы бүгінгі мүмкіндікті пайдалана отырып, мектептегі білім беру мен тәрбие арасындағы сабақтастықтың жоқтығы қоғамда дертке ұласып бара жатқанына назар аудартты.

»Адамзаттың екінші ұстазы атанған Әл-Фараби бабамыз осыдан 11 ғасыр бұрын «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деп айтып кеткен. Қазіргі кезде жастар арасында құқық бұзушылықтың көбеюі, зиянды әрекеттерге әуестенуі, ата-аналары мен ұстаздарын сыйламауы белең алуда. Біз мұны күделікті әлеуметтік желіден көріп отырмыз. Мысалы Түркістан қаласындағы бала зорлығы, қатыгездікпен бір-бірінен өш алуы, Алматы облысындағы өз анасын жауыздықпен өлтірген мектеп оқушысы, Талдықорған қаласындағы ұялы телефонға шектеу қойғаны үшін өзіне қол жұмсаған оқушы, ерте жүктіліктің көбеюі сияқты жантүршігерлік оқиғаларға куә болудамыз. Ал мектеп пен ата-ана болса, мәселені бірлесіп шешудің орнына кінәліні іздеуде. Әрбір мектептің тәрбие жұмысы бар. Ата-аналар да бааларымызды тәрбиесіз қалдырмаймыз. Осыған қарамастан жастарымыздың тура жолдан адасып, қателікке бой ұруы неліктен? Бұл мәселенің шешімі қандай? Жалпы «ұстаз алдын көрген» деген сөз «ана тәрбиесін алған» деген ұғыммен ұштасып жататындығы белгілі. Бірақ, біз, ата-аналар баларымыздың мектепте 4-5 сағаттан артық болмайтынын ескеруіміз қажет«, - деді К.Ризуанова.

Осы орайда ол ата-аналар кейде мұғалімге құрметпен емес, сын көзімен қарап, кейбір сөздерін жоққа шығаратындығын атап өтті. Сондықтан ұстаз еңбегін балаға сездіртудің алдында өз тарапымыздан мұғалімге деген құрметті күшейтуіміз қажеттігіне назар аудартты.

»Бала тәрбиесіндегі отбасының рөлі зор. Бұл құндылықтарды ұрпаққа жеткізу үшін мұны қалыпты дағдыға айналдыруымыз қажет. Қазір барлық өңірде ата-аналарды қолдайтын ресурстық орталықтар бар. Мұның бәрі жақсы. Бірақ, біз келеңсіздіктердің салдарымен ғана күресудеміз. Ал, дұрысында адамгершілік тәрбиені, ұлттық құндылықтарды бала бойына ерте бастан сіңіруіміз қажет. Осы мақсатта «Жас отбасы» мектебін ашуды ұсынамын. Сонымен бірге қоғам деңгейінде ата-аналар мен мұғалімдердің бірлескен ата-аналар қауымдастығын құруды ұсынамын. Бұл ата-аналар қауымдастығы біздің саналы ұрпақ тәрбиелеуімізге септігін тигізер еді«, - деді ол.


Соңғы жаңалықтар