Мектеп оқушысын жүк көлігімен соққан жүргізушіге үкім шықты

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде №8 орта мектеп оқушысын жүк көлігімен қағып кеткен жүргізушіге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қалалық сотында айыпталушы Амантай Үсеновке қатысты іс қаралды. Іс материалына сүйенсек, 2018 жылы 31 қаңтар күні сағат 12:55-те «Зил» көлігінің жүргізушісі Ақтөбе қаласының Шығанақ Берсиев көшесімен жүріп келе жатып, мектеп оқушысын қағып кетті. Ол 30 км/сағ жылдамдықпен жүргенімен, дер кезінде тоқтап үлгермеген. Көлік иесі бірден шығып, ес-түссіз жақан баланы көлікпен ауруханаға жеткізеді. Бірақ бас-ми жарақатын алып, миына қан құйылған оқушы ауруханада көз жұмды. Жедел жәрдем көлігін күтпеген айыпталушы кейін полиция қызметкерімен бірге оқиға орнына қайта келеді. Қылмыстық істің «Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу» бабы бойынша із қозғалып, тергеу жүрді.

Сот отырысы кезінде айыпталушы өкініш білдіріп, кешірім сұрады. Қаза болған оқушының ата-анасына материалдық-моральдық шығынды толық өтеді.

«Айыпталушы Амантай Үсенов Қылмыстық кодекстің 345-бабы бойынша айыпты деп танылып, 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Ол үш жылға көлік жүргізу құқығынан айырылсын. ҚР Қылмыстық кодекстің 63-бабына сәйкес айыпталушының жазасы шартты түрге ауыстырылсын. Сотталушы пробациялық бақылауға алынсын»,- деді судья Ербол Әбдіхалықов. 

Соңғы жаңалықтар