Мектеп мұғалімдерін ҰБТ-дан босатамыз - Ерлан Сағадиев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде ұлттық бірыңғай тестілеу аясында мектептерде сынама тестілер ұйымдастырылады. Осы жұмысқа мұғалімдер тартылып отырады. ҚР Білім және ғылым министрлігі аталған тәжірибені алып тастауды жоспарлап отыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің айтуынша, мектеп мұғалімдерін артық жұмысқа салу тәжірибесі әлі де бар. Оны тездетіп тоқтату қажет.

«Бізге мұғалімдерден көп сауалдар келіп түседі. Соның басым көпшілігі - мұғалімдерді басқа жұмыстарға тарту. Оны шешу үшін, біріншіден, естеріңде болса, былтырдан бері үй аралауды алып тастадық. Бірақ осы уақытқа дейін мұғалімдерді қызметіне қатысы жоқ жұмысқа тарту облыстардың практикасында әлі сақталуда. Біз оны білеміз. Сондықтан бүгін осы залда отырған облыс әкімдерінің орынбасарлары мен білім басқармаларының басшыларына айтарым, бұл тәжірибені тоқтату қажет», - деді Е.Сағадиев Тамыз конференциясының пленарлық мәжілісінде.

Бүгінде министрлік тағы бір ұсынысты қолдап отыр. Ол - мұғалімдерді ҰБТ-дан босату.

«Жаңа оқу жылынан бастап мектеп мұғалімдерін ҰБТ-ға қатысу міндетінен босату мәселесі көтерілді. Министрлік оны қолдайды. Мұғалім тек сапалы білім берумен айналысуы керек. Оған қоса, біз мектептердің ҰБТ бойынша рейтингін алып тастадық. Сондықтан мұғалім тек орта білімге қатысты жұмыспен ғана айналысады», - деп атап көрсетті Е.Сағадиев.

Айта кетейік, биыл министрлік мұғалімдердің жүктемесіне қатысты бұйырықты шығарды. Оған сәйкес, мектеп мұғалімі тек 5 құжатты ғана толтыруға міндетті. Одан артық салмақ салынса, мектеп басшылығының үстінен арыз түсіруге болады.   Бұдан бөлек, мектеп пен ата-аналар арасында келісімшарттар рәсімделеді. Аталған бастама алғаш рет биылғы оқу жылынан бастап енгізіліп отыр.

Соңғы жаңалықтар