Мектеп медицинасына биыл 26,1 млрд теңге қарастырылған

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда мектеп оқушыларын профилактикалық тексеруден өткізуге және сауықтыруға 2022 жылға 26,1 млрд теңге қарастырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2020 жылы мектеп медицинасы қаржыландырудың жеке бағытына шығарылды. Сол кезде оған 18,5 млрд теңге, ал 2021 жылы – 22,2 млрд теңге бөлінді. Ал биылғы жылы мектеп оқушылары үшін алдын ала тексеру мен сауықтыру іс-шараларына 26,1 млрд теңгеге шарт жасалды» - деп мәлім етті «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметінен.

Балалар жеңілдікке ие санатқа кіреді және мемлекет есебінен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде сақтандырылған. Тегін қызметтерді балалар Медициналық сақтандыру қорымен шарт жасасқан медициналық ұйымдардан ала алады.

Мектеп медицинасы балаларға көмекті тікелей білім беру ұйымдарында, яғни мектептерде, балабақшаларда, шағын орталықтарда немесе басқа да білім ошақтарында көрсетуді көздейді.

Бұрын мектеп медицинасы учаскелік қызметке бөлінген қаражат есебінен қаржыландырылған. МӘМС жүйесі енгізілгеннен кейін ол жеке позицияға шығарылды.

«Биыл қор білім беру ұйымдарында медициналық қызмет көрсетуге 436 емханамен 26,1 млрд теңгеге жуық сомаға шарт жасады. Салыстыра қарасақ: 2020 жылы мектеп медицинасының қызметін 417 медициналық ұйым, 2021 жылы – 430 медициналық ұйым көрсетті, шарттардың құны 22,2 млрд теңгені құрады.

Алдын ала қорытынды бойынша, 2022 жылдың 1 тоқсанында шамамен 6,4 млрд теңгеге мектеп медицинасы қызметі көрсетілді», - делінген баспасөз баянында.

Мектеп медицинасының мәні – білім беру ұйымдарындағы балаларды қажетті медициналық қызметтермен қамтамасыз ету. Бұл жұмыс мектеп немесе балабақша орналасқан аумаққа қарасты емхана жауапкершілігінде болады. Ол үшін мектепте медицина қызметкерінің жабдықталған кабинеттері бар арнайы қызмет құрылады. Профилактикалық тексеру немесе вакцинация жүргізу үшін мектепке (немесе балабақшаға) тиісті профильдегі дәрігерлер келеді. Мұндай іс-шаралар алдын ала жоспарланады және ата-аналарға күні бұрын хабарланады.

Мектеп медицинасының тарифіне вакцинация, жыл сайынғы профилактикалық тексеру, тіс дәрігерінің тікелей оқу орнында жүргізетін тексеруі кіреді. Сондай-ақ оқу орнындағы дәрігерлер балаларға салауатты өмір салтын ұстану жөнінде іс-шаралар өткізеді. Егер кәсіби тексеруде патология анықталған болса, онда бала тіркелген жері бойынша емханаға тереңдетілген медициналық тексеруге жіберіледі. Балаларды вакциналау ата-ана келісімімен Ұлттық егу күнтізбесі бойынша жүргізіледі. Шұғыл жағдайларда медициналық пунктіде жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін балаларға алғашқы көмек көрсетіледі.


Соңғы жаңалықтар