Мектеп қазандығының жарылуы: Зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының дәрігерлері Аршалы кентінде мектептің жылу қазандығының жарылуынан зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 32 және 39 жастағы екі жұмысшының жағдайын дәрігерлер тұрақты деп бағалап отыр. Оларды емдеу шаралары Аршалы аудандық ауруханасының хирургиялық бөлімшесі жағдайында жүргізіліп жатыр.

«1990 жылы туған ер адам сол жақ иығы мен оң жақ жамбасына соққы алған. Бетінің 5 пайыз бөлігін термиялық күйік шалған. Жағдайы «қанағаттанарлыққа» жақын.

1983 жылы туған ер адамның диагнозы: беттің, білектің және қолдың 2-3-інші дәрежелі термиялық күйігі, 15 пайызға дейін. Оң көзінің тұсы мен иегінің жыртылған ашық жарақаты. Жағдайы орташа ауырлық күйде, гемодинамикасы тұрақты, ыстығы көтеріліп тұрған жоқ, диурез жеткілікті. Екеуі де хирургия бөлімшесінде ем қабылдауда», - деп түсіндірді ҚазАқпарат тілшісінің сауалына басқарманың баспасөз қызметінен.

Айта кетсек, Ақмола облысының Аршалы кентінде мектептің жылу қазандығы жарылып, үш адам зардап шеккен еді. Олардың бірі - 55 жастағы ер адам көз жұмғаны бүгін хабарланды. Жергілікті атқарушы органдар жерлеу рәсімдеріне қажетті материалдық көмек көрсететіні айтылды.

Қазіргі кезде апаттың салдарын жою және жылу беруді қалпына келтіру бойынша шұғыл жұмыстар атқарылып жатыр.


Соңғы жаңалықтар