Мектеп ішінде орналасқан жылыту қазандығы оқушылардың өміріне қауіп төндіреді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мектеп ішінде орналасқан жылыту қазандығы оқушылардың өміріне қауіп төндіреді. Бұл туралы ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Майра Мелдебекова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның атап өтуінше, еліміздегі жалпы білім беру ұйымдарының 11,3 пайызы ғана немесе 823 ұйым Ішкі істер министрлігі Жедел басқару орталығының базасына қосылған. Мектептерде 25 640 вахтерлер мен күзетшілер қызмет жасайды. Сондай-ақ мектептердің 6,4 пайызы мамандандырылған күзет қызметінің қарауына алынған.

«Бес өңірде мұндай мамандандырылған күзет қарастырылмаған. Олар: Алматы, Жамбыл, Қостанай облыстары және Шымкент пен Қызылорда қалалары. Мектептердің 14 пайызында ғана дабыл түймешегі бар. Бұл жалпы 6 152 мектепте дабыл түймешегінің жоқ екендігін білдіреді. Сондықтан әрбір білім беру ұйымы бұл ақпараттарды бақылауға алып, жүзеге асырылуын қамтамасыз етуі тиіс», - деді ол.

Сонымен қатар комитет төрайымы мектеп ішінде орналасқан жылыту қазандықтары да оқушылардың өміріне қауіп төндіретіндігін айтады.

«Еліміздің 256 мектебінде, оның ішінде қалада 9, ауылдық жерлерде 247 мектепте осындай қазандықтар анықталды. Олардың көбі Ақмола, Қостанай, Ақтөбе және Түркістан облыстарында. Аталған мәселе бойынша жол картасын әзірледік. Осы жол картасына сәйкес, 2021-2022 жылдары бұл жұмыстар барлық өңірде толық орындалып, қазандықтар қауіпсіз жерге шығарылуы тиіс»,- деді комитет төрағасы.


Соңғы жаңалықтар