«Мектеп формасы неге қымбат?» - республикалық басылымдарға шолу

None
None
АСТАНА. Тамыздың 5-і. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда тамыздың 5-і, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Алаш айнасы» газетінің жазуынша, ағымдағы жылы қазақ елі уран шикізатын өндіруде әлем елдері бойынша бірінші орынға шықпақ. Бұл мақсаттағы жоспарланған меже - 18 мың тонна уран шикізатын өндіру. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің пайымына құлақ асқан басылым бұл меженің қазақ елінің бағындыруына қарымы да, дарыны да жететіндігіне бек сенімді. «Бұл - әрине қуанатын жайт. Осы ретте «қазақтың атын мұнайдан кейін уран әлемге танытатын болды» дейтін сарапшылар да жоқ емес. Алайда күнгейдің көлеңке тұсы болатыны тәрізді осы уран өндіру турасында біраз түйткілдер де бар. Бүгінде шикі уран өндіруге байланысты отандық мамандар «қазақ өзінің байлығын сауда-саттыққа салдудан әрі аса алмай жатыр» деген қыжылды да алға тартады. Осыған орай біз уран өндіру саласында жүріп өткен қадамдарымыз жайлы ой тартқатып көруді жөн көрдік», деп жазады басылым. Автор тарқатқан ой жетегіне шолу жасағыңыз келсе, онда газеттің бүгінгі нөміріндегі «Уранның әр грамына бақылауды күшейткен абзал» деген мақаланы назарыңыздан жіберіп алмаңыз.

Мейлі жарлы, жарты болсын, жетім яки бай болсын, кез келген мектеп жасындағы бала елімізде жалпы орта біліммен қамтылуы тиіс. Бұл - олардың конституциялық құқығы. Осы құқықты жүзеге асыру мақсатында тамыздың 1-і күні елімізде мектеп жасындағы балалардың оқудан тыс қалуының алдын алуға бағытталған «Мектепке жол!» атты дәстүрлі республикалық акция басталды. Осыған орай «Алаш айнасы» газетінің бейсенбілік нөмірінде «Мектеп формасы неге қымбат?» деген тақырыппен мақала басылды. Жарияланымда Астана қалалық білім басқармасының бастығы Әсима Бимендинаның «ата-анасының тұрғылықты жерін растайтын тіркелу қағазының жоқтығы баланы мектепке қабылдамауға сылтау бола алмайды! Мектептерімізде оқушы орнының тапшылығы да басым екені белгілі, бірақ соған қарамастан, біздер балалардың конституциялық құқығын қамтамасыз етуге тиіспіз», деген сөзі келтірілген.

Осы басылымның тұрақты «Дат!» айдарында Алматы облысының әкімі Серік Үмбетовпен арадағы сұхбат жарияланды. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген әкім сұхбаты «Үлкен міндет жүктеліп, сенім артылған екен, оны риясыз орындау - парызым» деген тақырыппен жарық көріп отыр. Екеуара әңгіме барысында ол «қазақтың тарихы мал шаруашылығымен тығыз байланысты. Қазақ амандасқанда «мал-жан аман ба?» деп бірінші кезекте мал жағдайын сұраған. «Малы аманның жаны аман» деген сөз - бұл. Мал - қазақтың берекесі. Есімде, бала күнімде ойнап жүріп қойды теуіп жіберген едім, атам арқамнан алып кеп қалды да: «мал сенің ырысың, оның тезегі де адамға пайдалы», - деді. Атамның сол сөзінің астарында үлкен мән жатқанын есейе келе түсіндім. Мен үшін өзге шаруашылықтар бір төбе де, мал шаруашылығы - бір төбе», депті.

***

«Астанада рухани мәдениет форумы өтеді». Бұл жағымды жаңалықты «Астана ақшамы» газеті жариялап отыр. Басылымның жазуынша қазақ елінің бүкіл әлемдік имиджіне жаңа тыныс берер игі бастама ағымдағы жылы өтпек. Еліміздің жүрегі Астана қаласында 2010 жылғы қазанның 18-20-сы аралығында, тарихта алғаш рет Бүкіләлемдік рухани мәдениетінің форумы өтеді.

«Астана ақшамы» газетінің дәстүрге айналған «Әлеумет сауалы - әкім жауабы» айдарында елорда басшысы Иманғали Тасмағамбетов астаналықтардың өздерін мазалаған сауалдарына егжей-тегжейлі жауап берген.

***

«Ел болашағын сеніп тапсырар жастарымыздың бәрі ел басқаруға құмар болып шықты. Олардың арасында ағылшын тілін меңгеріп, аудармамен айналысқысы келетіндер де көп. Бірақ отандық машина жасау саласына үлес қосуды ойлайтындар жоқтың қасы. Ал ұшу аппаратын сынақтан өткізетін маман атану ойларына да кіріп-шықпайтын секілді. Бұл туралы кеше өз жұмысын бастаған білім беру гранттарын тағайындау жөніндегі республикалық конкурстық комиссияның алғашқы отырысында белгілі болды», деп жазады «Айқын» газеті. Жазылған жайт қызықтырса, басылымның бейсенбілік нөмірінде жарық көрген «Отандық көлік жасайтын мамандарды қайдан табамыз?» деген мақалаға назар аударыңыз.

Таяуда елімізге АҚШ Мемлекеттік департаментінің мұсылман қауымдастығымен байланыс жөніндегі арнайы өкілі Фарах Пандит ханым келіп, бірқатар журналистер және блогшылармен кездескен еді. Кездесу барысындағы оның дүниежүзіндегі мұсылман халықтары мен өзге де дін өкілдерінің қарым-қатынасы жайында айтқан әңгімесі «Айқын» газетінің бейсенбілік санында «Батыс исламға қарсы» деген пікірді мойындамаймын» деген тақырыппен жарық көріп отыр. «Өз басым «Батыс исламға қарсы» деген пікірді мойындамаймын әрі қабылдамаймын. Бір-бірімізге сыйластық жөнінде сөз сөйлеген АҚШ президенті Барак Обаманың Каирдегі баяндамасына мән беріңіз. Бізден өзгеше адамдарға да қарым-қатынасымыз жақсы болуы керек. Олар діни азшылық болсын, басқа нәсілді, басқа дінді ұстансын, бірақ қарым-қатынасымыз бәріне түзу болуы керек», дейді ол.

***

«Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев азаматтардың құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелері бойынша кеңес өткізді», деп жазады «Казахстанская правда» газеті ҚР Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Премьер-Министр К. Мәсімов, Мемлекеттік хатшы-сыртқы істер министрі Қ.Саудабаев, Президент Әкімшілігінің басшысы А.Мусин, Бас прокурор Қ.Мәми, Жоғарғы сот төрағасы М.Әлімбеков, Ішкі істер министрі С.Баймағанбетов, ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Қ.Қожамжаров және құқық қорғау құрылымдары мен мемлекеттік органдардың басшылары қатысқан кеңес барысында үлестік құрылысқа өздерінің қаржыларын салған азаматтардың проблемаларын шешумен, қылмыспен күрестің жай-күйімен, елде заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз етумен, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметіндегі азаматтардың құқықтарын қорғаумен байланысты мәселелер әңгіме болды.

«Елбасы мемлекет үлескерлердің құқықтарын қорғауда жеткілікті шараларды қабылдап отырғанын атап өтті. Атап айтқанда, үлестік құрылысты қолдауға бюджеттен 518,8 миллиард теңге бөлінді. Бүгінгі күні 353 тұрғын үй кешендері қазірдің өзінде салынды, 45 мыңнан астам үлескердің проблемалары шешілді», деп жазады басылым. Мақаланың толық нұсқасын «Казахстанская правда» газетінің бейсенбілік санынан оқи аласыздар.

Соңғы жаңалықтар