Мектеп директорын ата-аналар сайлайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биылдан бастап мектеп директорларын тағайындау ережелері өзгерді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің айтуынша, алдағы уақытта мектеп директорларының кәсіби деңгейін көтеру мәселесіне баса назар аударылады. Осыған байланысты  директорларды тағайындау қағидалары өзгерді.

«Жаңа қағидаларға сәйкес үміткер 4 этаптан тұратын конкурстан өтеді. Алдымен мектептің қамқоршылық кеңесінен өту керек. Одан кейін заңнама тесті, облыстық білім басқармасының келісуі, аудандық, қалалық білім бөлімдеріндегі сұхбат бар. Мектеп директоры тек 4 жылға тағайындалады. Әрі қарай жұмыс істеймін десе, конкурстан қайта өту мүмкіндігі бар», - деді Е.Сағадиев Тамыз конференциясының пленарлық мәжілісінде.

Айта кетейік, мектептің қамқоршылық кеңесіне әкімдік өкілдері, мектеп басшылығы, демеушілер, мектеп түлектері, ата-аналар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіреді.

Министрдің айтуынша, алдағы уақытта қамқоршылық кеңестердің белсенділігін көтеру көзделген. Сонда қоғам, ата-аналар тарапынан қойылатын талаптар жергілікті деңгейде шешілетін болады.

Биыл министрлік мұғалімдердің жүктемесіне қатысты бұйрықты да шығарды. Оған сәйкес, мектеп мұғалімі тек 5 құжатты ғана толтыруға міндетті. Бұдан бөлек, мектеп пен ата-аналар арасында келісімшарттар рәсімделеді. Аталған бастама алғаш рет биылғы оқу жылынан бастап енгізіліп отыр. 

 

Соңғы жаңалықтар