Мектеп бітіру кешін мейрамханада өткізуге, автокөлікпен қыдыруға тыйым салынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына байланысты түлектердің мектеп бітіру кеші өтеді. Бірақ бұл іс-шараның барлығы мектеп қабырғасында өткізілуі тиіс.

Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің тәрбие жұмысы және қосымша білім беру басқармасының басшысы Самал Қадырова айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жоғары сынып оқушылары мектеп бітіру кешін асыға күтетіні белгілі, өйткені бұл жастардың жаңа өмірге қадам басқанын білдіреді. Соңғы екі жылда коронавирус індеті мектеп пен ұстаздардың дәстүрлі қоштасу кешін тоқтатып тастады. Бүгінгі таңда эпидемиологиялық жағдай мұндай кешті өткізуге мүмкіндік береді. Бірақ кештің барлығы міндетті түрде мектеп қабырғасында өткізілуі керек. Мектептердің қамқоршылық кеңестері мен білім басқармалары түлектердің ата-аналарына бұл шараларға шығындалудың тиімсіз екені туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет. Бұл күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі», - деді Самал Қадырова «Желіге шолу» жобасының жаңа санында.

Мектеп бітіру шараларына мектептің педагогикалық ұжымы, түлектер, түлектердің ата-аналары, педагогикалық еңбек ардагерлері, Қамқоршылық кеңес мүшелері, патронаттық ұйымдар, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармаларының, білім бөлімдерінің, мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері және басқалар қатыса алады.

Білім және ғылым министрлігінің ұсынымдарына сәйкес, мектеп бітіру кеші білім беру ұйымының өз күшімен ұйымдастырылуы керек.

Мынадай мәселелерге рұқсат етілмейді:

- аниматорларды, мерекелік агенттіктерді, ақылы әртістерді, мерекелік шараларға жеке студияларды тартуға;

- мерекелік дастархан ұйымдастыруға;

- автокөліктерді жалға алып, қала (аудан) бойынша экскурсиялар өткізуге;

- мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге сыйлықтар алу үшін қаражат жинауға;

- ойын-сауық мекемелерінде бітіру кештерін ұйымдастыруға болмайды.

Айта кетейік, Қазақстанның барлық мектебінде соңғы қоңырау мерекесі 2022 жылғы 25 мамырда өтеді. Аттестат салтанатты түрде 2022 жылғы 16-17 маусымда тапсырылады.


Соңғы жаңалықтар