Мексикада Головкиннің жанкүйерлері аз емес

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - WBA, WBC пен IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкиннің келесі қарсыласы - мексикалық Сауль Альварес екендігі белгілі. Соған қарамастан, Мексиканың өзінде GGG-дің жанкүйерлері аз емес. Оған боксшының әлеуметтік парақшасында жарияланған видео дәлел бола алады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кеткен жөн, бұған дейін Геннадий Головкин мексикалық стильмен бокстасатыны жайында айтып келді. Қазіргі кезде оның қарсыласы Сауль "Канело" Альварестің командасы оны сол сөзі үшін кекетіп, алдағы жекпе-жекте нағыз "мексикалық стильді" көрсетеміз десе де, мексикалық жанкүйерлердің өз ішінде GGG-ді қолдайтындар баршылық. Оған Головкиннің "мексикалық стилі" ғана емес, Альварестің WBC титулынан бас тартқаны да әсер етті. Былтыр осы титулдың басшылығы оны GGG-мен бокстасуға міндеттегенде "Канело" сот процесін желеу етіп, жекпе-жектен де, белбеуден де бас тартқан еді. Содан бастап мексикалық фанаттардың наразылығы күшейе түсті. Головкин жағына ауысып кеткендер де көп болды.

Ал GGG тобы жариялаған видеода Геннадий Головкиннің аты жазылған жейделер мен бейсболкаларды ғана емес, Мексика туларын да көруге болады.

Головкин - Альварес жекпе-жегі 16 қыркүйекте Лас-Вегастың "T-Mobile Arena" спорт кешенінде өтеді. Уақыт айырмашылығына байланысты аталған жекпе-жек Қазақстанда 17 қыркүйек күні таңғы сағат 9:00-де тікелей эфирден көрсетіледі.

Соңғы жаңалықтар