Мегаполисте тұрған да жақсы, бірақ ауылға көшкенім дұрыс болды - бөдене фермасының иесі

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жетісулық жас отбасы бөдене фермасын ашып, күніне 1 000 жұмыртқаға дейін өнім алып отыр. Жыл соңына дейін фермер бөдене санын ұлғайту арқылы өнім көлемін 10 мыңға жеткізбек, деп хабарлайды ҚазАқпарат Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бөдене фермасы Сарқан ауданында орналасқан. Шаруашылықты қолға алған жас жұбайлар бұған дейін Алматыда тұрыпты.

«Өзім Қарағандыданмын, жоғары оқу орнын да сол жақтан бітірдім. Ал жұбайым осы жақтан. Сарқан ауданының Қарғалы ауылында туып-өскен. Ауылға 2019 жылы көшіп келдік. Осында келгелі менің жаңа тынысым ашылғандай болды. Ауа таза, азық-түлік табиғи, балалар еркін. Бірақ мұнда қарап жатпай, жұмыс істеу керек. Тәжірибе жүзінде көз жеткізгеннен кейін диеталық ет пен жұмыртқа жеген өте пайдалы екенін біліп, содан бөдене өсіруді қолға алдым. Туысымыз осы бөдененің арқасында денсаулығын жақсартқан. Бұрын ауыл шаруашылығын жете білмейтінмін. Бәрін интернеттің көмегімен үйрендім. Өткен жылдан бастап ара шаруашылығымен де айналыса бастадым. Өз жылыжайымыз бар, қызанақ, қияр, көк шөптер өсіреміз», - дейді отағасы Азамат Абыроев.

Қазір Азаматтың фермасында 1 000 бөдене бар. Инкубаторға шамамен 7 500 жұмыртқа салынған. 17 күннен кейін балапан жарып шыға бастайды. Шамамен 40-шы күні аналықтары жұмыртқаласа, 45-ші күнге қарай аталықтары сойылады.

Экологиялық таза еттің 1 келісі 3 200 теңгеден сатылады, 1 жұмыртқаның бағасы – 23 теңге. Бағалар әдеттегіден төмен, өйткені Азамат жергілікті фермерлердің арқасында құс азығы мәселесін шешіп алған.

«Бұрын мен Ресейде өндірілетін дайын азықты алуға мәжбүр болдым. Бұл қалтама едәуір салмақ салатын. Қазір шикізатты жергілікті фермерлерден сатып алып, құрама жемді өзім дайындаймын. Жақында тағы 100 тоннаға тапсырыс бердім», - дейді кәсіпкер.

Қазір фермер күніне 1 000 жұмыртқа алады, жыл соңына дейін құс санын 10-15 мыңға дейін көбейту арқылы өнім көлемін 10 мыңға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Өнімді өткізу мәселесі де жолға қойылған. Алматыдағы сауда нүктесімен келісімге отырған, онда бөдененің жұмыртқасын, сондай-ақ мұздатылған қалпындағы етін жібереді. Өнімге жергілікті тұрғындар арасында да сұраныс бар.

Шағын ферма кеңейтіліп, ресми тіркеуден өткеннен кейін кәсіпкер нысанның іргесін одан әрі ұлғайтып, заманауи жабдықтар сатып алуды жоспарлап отыр. Ал әзірше ол бөденеге торды өз қолымен жасап, Алматыда сатып алған инкубаторға арнап үй-жай салған.

Азамат Абыроев омарташылықпен де айналысады. Өткен жылы омартасында 23 ара ұясы болса, биыл оның саны 50-ге жетті. Алдағы уақытта ара ұясын 200-ге апаруды жоспарлап отыр.

Жұбайы да Азаматтан қалыспайды. Бақшадағы, жылыжайдағы жұмыс негізінен соның мойнында. Бірақ Әйгерім оны ауырсынбайды, қайта өз еңбегінің жемісін көргеніне қуанады.

«Қияр, қызанақ, көк бұрыш, тәтті бұрыш өсіремін. Экологиялық таза өнімдерімізді бірінші кезекте ауыл тұрғындарына сатамыз, Сарқан қаласына жәрмеңкеге апарамыз. Жылыжайды қолға алғанымызға екі жыл болды. Өткен жылы қызанақ, қияр, шөптің барлық түрлерін өсірдік. Қаңтар айының суығында жерлестеріміз балғын көкөністерімізді сатып алды. Биыл қиярға баса назар аударсақ дейміз. Жылыжайға фитолампалар орнатып, тамшылатып суаруды қолданамыз», - деп атап өтті Әйгерім.

Жас кәсіпкер Әйгерім Абыроеваның мамандығы экономист, жақында «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша оқып, қайтарымсыз грант алу үшін өз жобасын қорғады, енді отбасымен конкурс нәтижесін күтіп отыр.

«Черкасск ауылдық округінің әкімі бізге үнемі қолдау білдіреді. Әзірге бізде 30 сотық жер бар. Негізінде шешімін таппай жатқан түйткілдер жоқ, алайда менің туған ауылымда жол жөнделіп, медициналық қызмет көрсету сапасы жақсарғанын қалаймыз. Балаларымызды әзірге шағын орталыққа апарып жүрміз, балабақша ашылса жақсы болар еді. Мүмкіндігінше халықты төмен бағалы сапалы өніммен қамтамасыз етуге тырысамыз, бұл – біздің отбасылық шағын фермамыздың басты міндеттерінің бірі», - деп түйіндеді фермер.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі берген мәліметке сәйкес, Черкасск ауылдық округінде жалпы ұзындығы 5 шақырым болатын облыстық және аудандық маңыздағы жолдар жөнделіп жатыр. Көктемге қарай облыстық маңыздағы Қойлық - Қарғалы арасындағы жолдың 10-24 км учаскесінің орташа жөндеуі аяқталады. Бұл жолдың көп бөлігі ауыл ішімен өтетінін атап өту керек.

«Отбасыммен бірнеше жыл мегаполисте тұрдық, тынымсыз жұмыс істедім, пәтерді жалға алып тұрдық, ақша жетпейтін. Ауылға көшкенім дұрыс шешім болды деп ойлаймын. Жайлап аяғымыздан тұрып келеміз, өз ісімізді аштық, мемлекет көмектесіп жатыр. Балаларға да ұнады, денсаулықтары шыңдалып, тәрбиелері жақсарды. Әрине, мегаполисте тұрудың өз артықшылықтары бар, әсіресе онда медицинаның сапасы жақсы. Бірақ мен осы жақтан өзімді таптым, жермен жұмыс істеген, фермерлікпен айналысқан ұнайды. Өзімнің шағын бизнесімнің барлық сатыларын алдын ала ойластырып, ұзақ мерзімге бизнес жоспар жасап, оны іске асыруға барынша тырысамын. Еңбек етсең, жұмыс кез келген жерде табылады, бар күш-жігеріңді салсаң, жақсы табыс табуға болады. Ең бастысы, ерінбеу керек, шыдамдылық танытып, айналысатын ісіңді жақсы көрсең, нәтижесі де көп күттірмейді», - деп Азамат ой бөліседі.

Қазір шағын отбасылық шаруашылықта ауылдың 7 азаматы жұмыс істейді. Орташа айлық жалақылары – 90-100 мың теңге. Кәсіпкер олардың бәріне істің мән-жайын өзі үйретеді. Ауылдық округтің қоғамдық өміріне белсене араласып, жерлестеріне барынша көмектесуге тырысады.

«Жалпы, Сарқан ауданында өткен 7 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығында 17 071,4 млн теңгенің өнімі өндірілген, нақты көлем индексі – 104,5%. Сондай-ақ, 1 485,0 млн теңге инвестиция тартылған. Экспортқа 508,577 тонна ауыл шаруашылығы өнімі шығарылды, соның ішінде дәрілік шөптер, арпа мен тары да бар», - деп мәлімдейді Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.


Соңғы жаңалықтар