«Мега Астана» сауда орталығында 35 мың еуро мен 100 мың теңгені ұрлаған грузиялық азамат ұсталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық полицейлер 35 мың еуроны ұрлады деген күдікпен Грузия азаматын ұстады, деп хабарлайды Астана қалалық ІІД-нің баспасөз қызметінен.

28 қарашада жедел басқару орталығына «Мега Астана» сауда орталығындағы дәмханаға келушінің 35 мың еуро және 100 000 теңге көлеміндегі ірі ақша сомасының ұрланғаны туралы хабарлама келіп түсті.

Оқиға орнына жедел жеткен криминалдық полиция қызметкерлері жәбірленушінің ақшасын күртесінің ішкі қалтасында ұстағанын анықтады. Достарымен дәмханада отырған ол күртесін үстелінің қасында тұрған ілгекке іледі. Ақшасының ұрланғанын дәмханадан кетер кезде ғана біледі. Оқиға орнын тексеру кезінде полиция қызметкерлері ілгектен қара түсті ер адамның пальтосын тапты. Куәгерлерден сұрау және бейнетаспа жазбаларын қарау кезінде пальтоның дәмханаға келген шамамен 60 жастағы ер адамдікі екені анықталды. Пальтосын іліп қойған ол дәмханадан шығып, қайта оралмаған. Күдіктінің белгілерін анықтаған полицейлер оның ізіне түсті. Ұрлықты жасаған ер адам таксиге мініп кеткен, әрі оның сол күні-ақ елордадан кетіп қалғаны белгілі болды. Жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында күдікті 3 желтоқсанда Жамбыл облысының Қордай ауданынан табылды. Оның нақты мәліметтері де анықталды - ол 1953 жылы дүниеге келген Грузия елінің К. есімді азаматы болып шықты. Қазіргі уақытта ер адам Астана қалалық ІІД-нің уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 175-ші бабының 3-ші бөлімімен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталған азаматтың осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.

Соңғы жаңалықтар