Медициналық және әлеуметтік қызметкерлерге балаларға қатысты қылмысты хабарлау міндеті жүктелді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еліміздегі балалар құқығының бұзылғаны туралы фактіні полицияға хабарламаған медицина және әлеуметтік қорғау мекемелерінің қызметкерлері жауапкершілікке тартылатын болды. Бұл туралы елордада жасөспірімдер құқығына арналған республикалық жиында ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма басшысы Әсет Оспанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ІІМ өкілі атап өткендей, осы жылдың 1 сәуірінде «ҚР балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі қызметтерді жүзеге асыратын ұйымдардың қызметімен байланысты мәселелер бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға Президент қол қойған. Заңға енгізілген өзгерістер бойынша, бала тәрбиесі бойынша өз міндетін орындамаған ата-аналарға салынатын айыппұлдың мөлшері 7-ден 3 АЕК-ке дейін төмендетілді. Мұндағы негізгі себеп - көп жағдайда жауапкершілікке тартылып жатқан ата-аналар аз қамтылған отбасыдан екені ескерілген.

«Сонымен бірге, Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 127-бабына қосымша тарау енгізілді. Бұл - жасөспірімдер құқығының бұзылуына қатысты жайды ішкі істер органдарына денсаулық сақтау, әлеуметтік қамту ұйымы қызметкерлерінің тарапынан хабарланбаған жағдайлар бойынша жауапкершілік. Не үшін бұл бап енгізілді? Түсіндіре кетейін. 2016 жылдың 9 сәуірінде балалар құқығы туралы заңға өзгеріс енгізіліп, жасөспірімдерге қатысты құқықбұзушылықты жасыру жағдайы бойынша педагогтарға жауапкершілік енгізілген еді. Өткен жылы ғана осы баппен 171 педагог, жыл басынан бері 57 педагог жауапкершілікке тартылды. Олардың бәрі де құқықбұзушылық туралы уақытында ішкі істер органдарына хабар бермеген», - дейді ол.

ІІМ өкілінің айтуынша, тәжірибе көрсетіп отырғандай білім саласынан бөлек, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамту ұйымының қызметкерлері де мұндай құқықбұзушылыққа қатысты жайларды көп жағдайда полицияға айтпайды. Себебі, аталмыш қызметкерлерде мұндай міндеттеме жоқ.

«Сол себепті, біршама қылмыстар жасырылып келген. Тек бала медициналық мекемеге ауыр халде түскен кезде ғана полиция қызметкерлері мән-жайды анықтауға кіріскен. Ал мұғалімдерге арналған, жоғарыда аталған тиісті норма қазіргі уақытта педагогтар ұжымына жауапкершілік жүктеп, қазіргі таңда құқыбұзушылықтардың саны екі есеге азайды. Осының арқасында білім беру ұйымдарында құқыққа қарсы әрекеттер төмендеді. Құқық қорғау органдарына - медициналық ұйымдар мен әлеуметтік көмек беру ұйымдарына артылатын осындай міндет қылмыстың уақтылы алдын алуға мүмкіндік береді деген үміттеміз», - дейді Әсет Оспанов.

Еске сала кетсек, бұған дейін аталмыш жиында БҒМ өкілі Ержан Жиренбай бүгінгі таңда елімізде балаларға арналған 8 арнайы білім беру мекемесі бар екенін атап өткен болатын.

«Олардың 7-еуі арнайы білім беру ұйымы болса, 8-шісі - Шығыс Қазақстандағы ерекше режімдегі ұйым. Жалпы, елімізде бүгінгі таңда 200-ге жуық бала осы ұйымдарда оқып, тәрбиеленіп жатыр. Яғни, бұл - құқықбұзушылыққа бейім балалар», - дейді Ержан Жиренбай.

Соңғы жаңалықтар