Медициналық ұйымдар интернетпен жыл соңына дейін қамтылуы тиіс – вице-министр

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің пилоттық жобасы іске асырылуда. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде өткен алқа отырысында вице-министр Ләззат Ақтаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Вице-министр әкімдіктер жыл соңына дейін медициналық ұйымдарды компьютермен және интернетпен толық қамтамасыз етіп, денсаулық сақтау ұйымдарының штат кестесі туралы, жүктілігі мен босануы бойынша есепте тұрған әйелдер туралы ақпаратты уақтылы өзектендіруі тиістігін айтты.

Айта кетейік, Қарағанды облысында 1 қыркүйектен бастап медициналық көмекке қатысты түрлі тәуекелдерді анықтау және проблемалардың алдын алу мақсатында МӘМС жүйесі пилоттық сынақтан өтуде. Сондай-ақ, сақтандырылған адамдардың мәртебесін сәйкестендіру бойынша ақпараттық жүйелерді тестілеу де жүргізілуде.

«Ілкі жобаға Қарағанды облысындағы 9 аудан, 4 аудандық және 7 облыстық маңызы бар қала қатысады. Аймақта тәулік бойы және күндізгі стационарда 15 бейін бойынша оңалту және амбулаторлық-емханалық көмектің жаңа тарифін пилоттық тестілеуден өткізу жоспарлануда», - деді Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева.

МӘМС енгізуге қатысты барлық жұмыс жобалық тәсілмен жүзеге асырылады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жанында Қарағанды облысындағы МӘМС жүйесінің пилоттық жобасына арналған жобалық кеңсе құрылған. Ол 4 бағыт: нормативтік-құқықтық акт әзірлеу, цифрландыру, медициналық қызметтерді сатып алу және төлеу, ақпараттық-түсіндіру шаралары бойынша жұмыс істейді.

Пилоттық жоба аясында медициналық ұйымдардың қызметкерлері стационарлық және стационарды алмастыратын көмек көрсету бойынша арнайы оқудан өтеді.



Соңғы жаңалықтар