Медициналық сақтандырудың тиімділігі неде?

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қабылданып жатқан «Денсаулық-2020» бағдарламасы елімізде міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге бағытталған.

Медициналық сақтандыру - халықтың арнайы қорға жиналған қаражат есебінен тегін медициналық көмек алуын қамтамасыз ететін жүйе. Оған сәйкес сақтандыру жарналарын жұмыс істейтін азаматтардың жұмыс беруші мекемелері төлеп отырады, ал жұмыссыздар мен еңбекке жарамсыз адамдар үшін жарна мемлекеттен аударылады. Сондай-ақ, еңбеккер азаматтар өз жалақыларынан мақсатты салымдар аударып отырады. Бұл жүйе халықтың барлық топтары үшін медициналық және дәрі-дәрмектік көмектің тең көлемі мен сапасын қамтамасыз етеді. Яғни, медициналық қызмет жас пен кәріге, бай мен кедейге бірдей көлемде, тең дәрежеде көрсетіледі.

Міне, негізгі мақсат та сол - азаматтар мен жұмыс берушілердің денсаулыққа деген ортақ жауапкершілігін арттыру. Қазіргі уақытта бұл жауапкершілік тек мемлекетке жүктелген. Әрбір адам өз денсаулығын күтіп, салауатты өмір салтын ұстануы, ал жұмыс беруші әрбір жетекші өз қызметкерінің денсаулығын сақтауға мүдделі болуы керек. Өйткені, қызметкер - кез келген кәсіпорын үшін табыс көзі екені белгілі. Осындай ортақ жауапкершілік тетіктері сақтандыру медицинасы кезінде барынша нақты жұмыс істейтін болады.

Міндетті медициналық сақтандыру түрі бойынша азаматтардың қорға аударатын жарнасының мөлшері мемлекет көлемінде бекітіледі. Ол әр елде әрқилы мөлшерде белгіленген. Мәселен, Франция тұрғындары жалақысының - 16, итальяндар - 13, нидерландылықтар - 9 және жапондар - 7 %-ын тұрақты түрде аударып отырады. Ал Қазақстанда жұмыс берушілер жарнасының көлемі кірістің 5 %-ын құрайтын болады. Ал қызметкерлер жарнасының мөлшерлемесі табыстың 2 %-ын құрамақ. Бұл орайда, олар 2019 жылдан - 1 пайыз, 2020 жылдан бастап - 2 пайыз мөлшерінде қаржы аудара бастайтынын айта кету керек.

Мамандардың айтуынша, міндетті медициналық сақтандыру жүйесі медицина саласындағы қызмет көрсету мәдениетін көтереді. Сондай-ақ, денсаулық сақтау жүйесінде қордаланған мәселелерді тиімді шешіп, кемшіліктерді жояды.С. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медициналық Университетінің ректоры, медицина ғылымдарының докторы Айқан Ақанов дәрігер ретінде бұл жүйенің тиімді тұстары көп екенін айтады.

«Жаңа жүйеде үш қатысушы болады. Олар: мемлекет, емделуші және жұмыс беруші. Бұл жүйе тұрғындардың қажеттілігіне де жауап береді. Сондай-ақ, жұмысшылардың денсаулығын қорғау саласында жұмыс берушінің саясатын да айқындап береді. Бүгінгі денсаулық сақтау моделін пайдаланып жатқан мемлекеттердің барлығы ұтылып жатыр. Тұрғындар сапасыз қызметтер алады, дәрігерлер мен медбикелер жұмыстың сапасын арттыруға аса ынталы емес. Сондықтан, медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру жүйесін өзгерту қажет-ақ. Соның арқасында денсаулық сақтау жүйесі жаңа сапаға көшеді» дейді А. Ақанов.

Ал «Ұлттық ғылыми-медициналық орталық» АҚ директоры Абай Байгенжиннің айтуынша, ол денсаулық сақтауды ресурстық қамтамасыз етуді арттыруға, экономикалық қызығушылықты және медициналық ұйымдар мен медициналық қызметкерлердің өз қызметінің соңғы нәтижесіне жауапкершілікті арттыруға мүмкіндік береді. Кәсіпкерлер жұмыскерлерінің денсаулығын сақтауға мүдделі болады. «Барлық дамыған елдерде қолданылып жүрген міндетті медициналық сақтандыруды қолдаймын, - дейді Абай Қабатайұлы. - Әр азамат өз денсаулығына өзі жауапты екенін түсініп, ол үшін белгілі бір салымдар жасап тұруы тиіс».

Әлемдік тәжірибеде міндетті медициналық сақтандыру жақсы нәтиже бергені белгілі. Мәселен Францияда халықтың - 80, Германияда - 90, Бельгияда - 98 %-ы міндетті медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылған.

Жанат Қапалбаева

Соңғы жаңалықтар