Медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін мемлекеттік тапсырыс өседі - министр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру денсаулық сақтау саласын қаржыландыру деңгейін арттыруға көмектеседі. Бұл туралы Медициналық сақтандыру қорының ұйымдастырыуымен өткен ашық пікірталаста Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет денсаулық сақтау саласына яғни, халыққа көрсетілетін тегін медициналық қызметтерге жыл сайын бір триллион теңгеге жуық қаржы бөлінеді. 2017 жылы салаға жалпы мемлекет пен азаматтардың жеке шығындарын қосқанда 1 трлн 759 млрд теңге шығын жұмсалған. Оның 40 проценті немесе 550 млрд теңгесі - халықтың «қалтасынан» шыққан қаражат. Яғни, азаматтардың жеке шығындары 2010 жылмен салыстырғанда 3 есе артқан. Келер жылдан бастап енгізілетін сақтандыру жүйесі осы шығындардың өсу қарқынын төмендетуге көмектеседі», - деді министр.

Оның айтуынша, сақтандыру арқылы өмір бойы қаржы тапшылығының зардабын тартып келе жатқан консультативтік-диагностикалық қызметтерді қаржыландыру деңгейі үш есе артады.

«Мысалы, біз қазір салалық маманның консультациясына 700 теңге төлейміз, ал, нарықта оның құны шамамен 5-6 мың теңге тұрады. Мемлекеттік емдеу мекемелерінде білікті мамандардың тұрақтамау себебі осында. Ал, сақтандыру жүйесі ісе қосылғаннан кейін тарифтерді 15 процентке өсіруге мүмкіндік туады», - деді Елжан Біртанов саладағы реформаларды талқылауға арналған жиында.

Министрдің түсіндіруінше, бірақ бұл медициналық қызмет бағасы қымбаттайды деген сөз емес. Тариф тек мемлекет пен емдеу мекемелерінің арасындағы процедура.

Сонымен қатар, бағасы қымбат болып келетін қызметтердің көлемі де артпақ.

«Қазір біз мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жасалатын операцияларға белгілі бір шектеу қоюға мәжбүрміз. Лимиттен артық отаға ақша төлей алмаймыз. Ал, медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін мемлекеттік тапсырысты өсіреміз», - деп атап өтті министр.

Соңғы жаңалықтар