Медициналық маска тапшылығы: бір адамға 10 маска ғана сатылуы мүмкін

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда бір адамға 10 данадан артық медициналық маска сатылмауы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР ДСМ «Дəрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының» бас директоры Арнұр Нұртаев айтып берді.

«Коронавируске байланысты дүрлігу салдарынан дәріханалық ұйымдар қауымдастығымен бірлесіп, бір адамға 10 дана маска ғана сатуды ұсынамыз. Бұл адамдардың мыңдаған, он мыңдаған маска алуына жол бермеу үшін жасалуда. Кей адамдар дәріханадан мүмкіндігінше мың дана маска алған. Денсаулық сақтау министрлігі көп маска сатуға тыйым сала алмайды. Біз тек дәріханалар желісіне ұсыным жасай аламыз. Олар да дүрлігу мәселесін шешуге тырысып жатыр», - деді спикер Орталық коммуникациялар қызметінде тілшілерге берген сұхбатында.

Бұған дейін А. Нұртаев елімізде 1 млн дана медициналық маска қалғанын және сұраныстың 30 млн данаға дейін өскенін айтқан еді.

Оның айтуынша, отандық медициналық бетперде өндірушілер бір айда 6 миллионнан астам немесе күніне 180-200 мыңға жуық маска шығарады. Бұл бұйымдар ең алдымен мемлекеттік медициналық мекемелерге жіберіледі.

Сонымен бірге, ведомствоаралық комиссия отандық кәсіпорындар өндірген маскаларды ел аумағынан шығаруға тыйым салған. Бұл тыйым әлі де өз күшінде.


Соңғы жаңалықтар