Медициналық қызмет алу үшін МӘМС аясындағы негізгі қадамдар қандай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысты адамдардың біразы сауалдар қойып жатыр. Осы орайда МӘМС-тің міндетті төлемі кімге керек? Төлем уақытылы жасалмаса айыппұл мен өсімпұл қарастырылған ба? Бұл сұрақтарға «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ департаменті директоры Забира Оразалиева жауап берді.

«2020 жылғы 1 қаңтардан Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды жүзеге асыру басталды. МӘМС жүйесі жарна мөлшеріне қарамастан қызметтер пакетіне барлық сақтандырылғандардың тең қолжетімдігіне негізделген. Сонымен бірге, пациент МӘМС бойынша көмекке жүгінген кезде, медициналық қызметтердің көлемі мен құны тұрғысында шектеу болмайды», - деді З. Оразалиева.

Маманның айтуынша, МӘМС-тің қазақстандық моделі әлеуметтік бағдарланған сипатта қызмет етеді.

«Халықтың 15 жеңілдікті санатына енген 11 млн-ға жуық адам үшін жарнаны мемлекет төлейді. Екі пакет бар: Тегін медициналық көмектің кепілді көлемі және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қамтылған. Оған сәйкес адамдар медициналық көмекті алады», - деді департамент директоры.

«Міндетті медициналық сақтандыру туралы» Заңы бойынша денсаулық сақтау жүйесінде қалу үшін төлемдерді тұрақты түрде іске асыру керек. Соңғы 12 айда жарнаның тұрақты төленуі маңызды, бірақ та 2020 жылдың қаңтарының алдындағы мерзім есепке алынбайды. Атап айтқанда, егер сіз 2021 жылы МӘМС пакеті аясында медициналық қызметтерді алғыңыз келсе, онда медициналық қызмет алатын датаның алдындағы 12 айға жарнаны төлеуіңіз керек.

«Осы жағдайда өз бетінше төлем жасаушы ретінде (айына 2125 теңге) жарна енгізу керек. Немесе бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ – айына 2651 теңге) төлеуге болады. БЖТ төлеушілер үшін «сақтандырылған» деген мәртебесі медициналық қызметтерді алу датасының алдындағы үш ай қатарынан жарна төлеген кезде күшіне енеді. Яғни, 2021 жылдың наурызында қызметтерді алу үшін 2021 жылдың қаңтар, ақпан әрі наурыз айларына төлемдер жасалуы керек», - деп түсіндірді З. Оразалиева.

БЖТ өткен кезеңдерге төленбейді, тек ағымдағы және алдағы мерзімге жасалады. Тұрғындар Медициналық сақтандыру жүйесіндегі өзінің қазіргі статусын ЖСН нөмірі бойынша www.egov.kz сайтында, аумақтық халыққа қызмет көрсету орталығында, сондай-ақ SaqtandyryBot телеграмм-боты мен Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы тексере алады.

Қор өкілі МӘМС мүлдем төленбесе, өсімпұл мен айппұлға қатысты түсінік берді.

«Жұмысшылар, өзін жұмыспен қамтығандар, өз еркімен төлем жасағандар мен Бірыңғай жиынтық төлем жүргізгендер үшін МӘМС туралы заңнамада ешқандай санкциялар қарастырылмаған», - деді департамент басшысы.

Аталған қор мәліметінше, өсімпұл МӘМС бойынша берешегі бар жұмыс берушілер үшін қарастырылған. Егер жұмыс беруші қызметкері үшін төлемесе немесе оны уақытылы жасамаса, жұмысшы МӘМС пакетінде медициналық көмекті алмауы мүмкін. Оның жүйедегі мәртебесі «сақтандырылмаған» деп сипатталады. Бұл өз кезегінде жеке кәсіпкерлікке де қатысты, яғни оның иесі жалғыз қызметкер болып саналған жағдайда

Өсімпұл есептелгені туралы ескерту болған жағдайда, аумақтық мемлекеттік кірістер департаментіне жүгіну керек. Медициналық сақтандыру қорына тек жарналар, аударымдар мен өсімпұлдар келіп түседі. Алайда жарна төленбегені үшін өсімпұл мен МӘМС-ке аударымдарды есептеуді салық органдары жүзеге асырады.

«Егер пациент емханаға барса және ол МӘМС жүйесінде сақтандырылмаса, оған мемлекет төлейтін медициналық көмек көлемі кепілдендірілген. Ол адам Тегін медициналық көмектің кепілді көлемі пакетіндегі медициналық көмекті алуға құқылы», - деді Забира Оразалиева.

Осы орайда Тегін медициналық көмектің кепілді көлемі пакеті аясында ұсынылатын медициналық қызметтер бойынша толығырақ мына сілтеме арқылы таныса аласыз.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетінде МӘМС жүйесінде сақтандырылғаны туралы статусы бар адамдар үшін медициналық көмек кеңейтілген дәрежеде көрсетіледі. МӘМС пакетіне кіретін көмекті алу үшін сақтандырылып, төлемдердің тұрақты болуын қадағалау керек», - деді департамент директоры.

МӘМС аясында ұсынылатын медициналық қызметтер бойынша егжей-тегжейлі мына сілтеме арқылы танысуға болады.

Оның атап өтуінше, мемлекет жеңілдік алатын санатқа енген 11 млн адам үшін жарнаны төлеп келеді.

Ұсынылған ақпаратқа сәйкес жеңілдік алатындарға осы санаттар енген:

балалар; жұмыссыз ретінде тіркелгендер; жұмыс істемейтін жүкті әйелдер; бала үш жасқа толғанша оған қарап отырған жұмыс істемейтін адамдар; жүктілік әрі босану және жаңа туған нәрестені асырап алуға қатысты демалысқа шыққандар, сондай-ақ бала үш жасқа толғанша оны бағумен отырғандар; мүмкіндігі шектеулі балаға қарап отырған жұмыс істемейтін адамдар; бала кезінен бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жанның күтімімен отырған жұмыс істемейтін адамдар; зейнетақы төлемдерін алушылар, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері; қылмыстық- атқару жүйесі мекемелерінде сот үкімімен жазасын өтеп жатқандар; тергеу оқшаулағышында отырғадар; жұмыс істемейтін қандастар; «Алтын алқамен», «Күміс алқамен» марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар; мүмкіндігі шектеулі жандар; орта, техникалық әрі кәсіптік, жоғары білім, сондай-ақ ЖОО-дан кейінгі білім алу ұйымдарында күндізгі бөлімде оқып жатқандар; мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын жұмыс істемейтін адамдар.

Қор маманы осы жағдайда жұмыс істемейтіндер қандай қадамдар жасауы керектігін түсіндірді.

«Тұрғылықты жер бойынша Жұмыспен қамту орталығының көмегіне жүгіну керек. Онда сіздің кәсібіңіз әрі тәжірибеңізге сәйкес жұмысқа тұрудың нұсқалары ұсынылады. Егер ұсыныстар сізге жарамаса, онда жұмыссыз статусын аласыз. Осы жағдайда мемлекет сіз үшін Медициналық сақтандыру қорына жарна төлеу міндеттемесін алады. Себебі бұл адамдар жеңілдік алатын санатқа енгізіледі», - деді Забира Оразалиева.

Өтінімді электронды түрде беруге болады. Оның нұқаулығымен мына сілтеме арқылы таныса аласыз.

Жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар жеңілдік алатын санатқа енгізіліп, жеңілдікті кезең аяқталғанша мемлекет есебінен МӘМС жүйесінде сақтандырылады.


Соңғы жаңалықтар