Медициналық қалдықтарды жоятын кәсіпорыннан денсаулыққа зиян бар - СҚО тұрғындары

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы Малое Белое елді мекенінде бір жылда 4 адам лейкемиядан қайтыс болды. Мұны жергілікті тұрғындар осындағы кәсіпорынның жұмысымен байланыстырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Қызылжар ауданы Малое Белое елді мекенінің тұрғыны Евгений Никифоровтың айтуынша, 30 шақты үйі бар ауыл халқын осындағы кәсіпорын улап жатыр. Зауыт медициналық қалдықтарды жоюмен айналысады.

«Күндіз көбіне пештерін жаға қоймайды, негізінен түнде жұмыс істейді. Қою, ащы түтіннен есік-тереземізді аша алмаймыз. Бұл жерде жарамдылық мерзімі өткен дәрілерден бастап, қолданылған инелерді, түрлі ыдыстарды, тіпті отадан кейін кесілген аяқ-қолдарды да өртейді. Ал, одан ұшқан күл бізді улап жатыр. Тек бір жылдың ішінде ауылда төрт адам қан обырынан қайтыс болды. Қазір балаларымыздың бәрінің аллергиясы бар. Көздері жасаурап, түшкіре береді. Бұл мәселені көтергенімізге бірнеше жыл болды. Кәсіпорындағылар сен неге тыныш отырмайсың, біздің сендерді улауға рұқсатымыз бар деп айтады», - дейді елді мекен тұрғыны.

Елді мекен қарайтын Асанов ауылдық округінің әкімінің айтуынша, «Экомед-фармация» ЖШС ауылда 2019 жылдан бастап жұмыс істеп келеді.

«Ақпан айында кәсіпорынның лицензиясының мерзімі аяқталды. Қазір рұқсат алу үшін құжаттарын дайындап жатыр. Бұған дейін мәселе туындаған емес. Олар қолданылған инелерді жоюмен айналысады», - дейді ауыл әкімі Серікбай Қазеев.

Мәселені СҚО бойынша «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі бақылауға алмақ.

«ЖШС бар, алайда лицензиясы жоқ. Біз СҚО экология департаментіне арыз жазамыз, бұл тексерісті бастауға негіз болады. Осылайша кәсіпорынның рұқсатсыз жұмыс істегенін дәлелдеуіміз керек. Сондай-ақ, полицияға жүгініп, қызметтік тергеу жүргізуін сұраймыз», - дейді СҚО бойынша «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Руслан Асаубаев.


Соңғы жаңалықтар