Медициналық кадрлық ресурстардың ұлттық жүйесі құрылады - Асқар Мамин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында 2020-2025 жылдарға арналған денсаулық сақтауды дамыту мемлекеттік бағдарламасының жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жалпы, «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы өзінің тиімділігін көрсетті. Оны іске асыру нәтижесінде елімізде негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштер жақсарды, орташа өмір сүру ұзақтығы 73 жасқа жетті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев медициналық көмектің сапасын жақсарту, алғашқы медициналық-санитариялық көмекке жұмсалатын шығыстарды ұлғайту бойынша нақты тапсырмалар берді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аурулардың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау бойынша шаралар қабылдауды, медициналық ұйымдардың қадамдық қолжетімділігін қамтамасыз етуді тапсырды. Бағдарламаның жобасы осы маңызды міндеттерді шешуге бағытталған», - деді А.Мамин.

Оның атап өтуінше, біріншіден халықты салауатты өмір салтына бейімдеу үшін қоғамдық денсаулық сақтау қызметі жаңғыртылады. Жалпы салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыруға бағытталған шараларды кеңейту жоспарланған.

«Екіншіден, медициналық көмек сапасын арттыру, денсаулық сақтаудың бірыңғай цифрлық кеңістігін құруды аяқтау бойынша шаралар қабылданады. Ол үшін ауруларды ерте анықтауға ынталандыру мақсатында емханалар мен ауруханаларды қаржыландыру жетілдіріледі», деді Үкімет басшысы.

Премьер-Министр әрбір аймақта медициналық қызмет көрсетудің жаңа технологиялары енгізіліп жатқан алғашқы медициналық көмек көрсетудің озық тәжірибе орталықтарын дамыту жалғасатынын, медицина қызметкерлерінің статусын арттыру үшін медициналық кадрлық ресурстардың ұлттық жүйесі құрылатындығын айтты.

«Дәрігерлер мен мейірбикелердің жалақысы орта есеппен 2 есе артып, оларды әлеуметтік қолдау шаралары күшейтіледі. Сондай-ақ кәсіби жауапкершілік шаралары да арттырылады. Жалпы бір дәрігердің жүктемесі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының деңгейіне дейін азаяды», — деді ол.

Үкімет басшысы медицина саласындағы инвестициялық ахуалды түбегейлі жақсарту және жобалық басқаруды енгізу жоспарларын атап өтті.

«Алғаш рет салаға 2,8 трлн теңге қаржы бөлу жоспарланған, соның ішінде 2,2 трлн жеке инвестициялар. Осы қаражат есебінен 431 денсаулық сақтау нысан салынады, оның ішінде 10 мың орынға арналған, халықаралық деңгейдегі 19 көпсалалы аурухана мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы салынады. Бұл ауруханалардағы емдеу орындарын 50 пайызға ұлғайтуға, медициналық нысандарының тозуын 56-дан 38 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Осы шаралардың барлығы медициналық инфрақұрылымды жақсартуға және ауру-сырқаудың деңгейін азайтуға және қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығын 2025 жылға қарай 75 жасқа дейін жеткізуге ықпал етеді», - деді А. Мамин.

Осыдан кейін Премьер-Министр жаңа бағдарлама жобасын мақұлдауға ұсынып, Үкімет мүшелері оны бірауыздан қолдады.

«Шешім қабылданды. Денсаулық сақтау министріне жыл басынан бастап бағдарламаны іске қосуды тапсырамын. Бердібек Мәшбекұлы, бақылауға сізге жүктеледі», - деді Премьер-Министр орынбасары Б.Сапарбаевқа қарата.

Соңғы жаңалықтар