Медициналық авиация дәрігері: Кейбір науқастар жай-күйі қаншалықты ауыр екенін түсініп те үлгермейді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жергілікті дәрігерлердің қолындағы мүмкіндік сарқылғанда медициналық авиация қызметі көмекке келеді. ҚазАқпарат тілшісі аталмыш қызмет өкілдерімен тілдесіп, мамандықтарының ерекшелігі туралы сұраған болатын. Назарларыңызға соны ықшамдап ұсынамыз.

Сонау 1870 жылы Франция – Пруссия соғысында қоршауда қалған Парижден 160 жаралы жауынгер ұшатын шардың арқасында аман шығады. Жылнамашылар медициналық авиацияның ресми тарихын осы күннен бастап жүр.

Ал бүгін медициналық авиация денсаулық сақтау жүйесінің маңызды бөлшегіне айналған. Алып аумаққа халқы шашырай қоныстанған Қазақстан үшін бұл қызметтің маңызы тіптен бөлек.

Оның үстіне COVID-19 індеті тарағаннан бері авациялық медицина көмегіне жүгінушілердің саны артып отыр. Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының мамандары осылай дейді.

«Қай жерде пайдамыз көбірек болса, сол жерде болуға тырысамыз»

«Пандемия кезінде, жалпы осы вирус тарағаннан бері шақыртулар жиілеп кетті. Түрлі науқастарға барып жүрміз. Себептері өте әркелкі. Коронавирус оқшауланған қабыну процестерін туындатып қана қоймайды, кейбір сырқаттарды ушықтырып, кері салдарын күшейтеді», - деп бастады әңгімесін авиациялық медицина дәрігері Алдаберген Оспанов.

Алдабергеннің медициналық авиация саласында жұмыс істеп жүргеніне 2 жылға жуық уақыт болған. Оған дейін ауруханада анестезиолог-реанимотолог болып 10 жыл жұмыс істеген. Бригада дәрігері болу үшін кемінде 5 жыл еңбек өтілі қажет. Жоғары медициналық біліммен бірге «Жедел және шұғыл медициналық жәрдем», «Анестезиология және реаниматология» мамандықтарының қосымша сертификаттары керек. Ал медициналық авиация фельдшері болу үшін орта-арнайы медициналық білім, «Емдеу ісі», «Фельдшер», «Жалпы практика фельдшері» мамандықтары бойынша қосымша сертификат, 3 жылдан кем емес еңбек өтілі қажет», - дейді маман.

Бұл салада жұмыс істейтін мамандардың күйзеліс пен түрлі жағдайларға төзімділігі қатардағы дәрігерлерден де берік болуы шарт. Сол үшін Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығында Оқыту-треннингтік орталығы құрылған. Мұнда дәрігерлер жұмыста қажет болуы ықтимал машықтарды пысықтап, әлемнің озық тәжірибелерін игереді.

«Ең әуелі біздің орталыққа мобильді бригаданың ұшып шығуын сұрап өтінім жібереді. Науқастың құжаттарын зерделеген соң орталықтың диспетчері өтінімді тіркеп, ұшақ сұратады. Қысқа уақытта ұшатын бригаданың құрамы бекітіледі. Тәжірибелі авиациялық медицина дәрігерінің қасына науқастың сырқатына қарай бейінді маман қосылады. Медициналық керек-жарақтың бәрі толық дайын болған соң бригада әуежайдан шақырту түскен өңірге аттанады. Науқасты жай-күйіне, өңірдегі медициналық қызметтің мүмкіндігіне қарай не облыс орталығына, не республикалық клиникаларға жеткіземіз», - деп түсіндірді Алдаберген Оспанов.

Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы құрылған 2012 жылдан бері өңірлердің бәрінде медициналық авиация желісінің жұмысы жолға қойылған. Бұл әсіресе орталықтан шалғай жатқан немесе жолы сапасыз елді мекендердің халқына үлкен көмек болып отыр. Әуе арқылы науқастар орталыққа ғана жеткізілмейді. Кейде шалғай елді мекенге білікті дәрігер қажет болып қалады немесе донорлық ағзаның шұғыл жеткізу қажет болады. Осындай кезде де авиациялық медицина көмекке келеді. 2012 жылдан бері осындай шақыртуларға шұғыл шығудың арқасында мыңдаған адамның өмірі құтқарылған.

«Айына орта есеппен 6-8 рет ұшамыз. Сонда жылына 50-60 рет ұшамыз деген сөз. Сағатпен есептесек, елдің батысындағы Ақтау, Атырау қалаларына ары-бері орта есеппен 5 сағат кетеді. Ал солтүстіктегі немесе шығыстағы елді мекендерге ұшсақ, 3 сағаттай болады. Яғни, бір жылда 250-300 сағат уақытымызды аспанда өткіземіз. Әр жұмыстың ауыртпалығы мен жеңілдігі болады. Қай жерде пайдамыз көбірек, сол жерден табылуға тырысамыз», - дейді дәрігер.

Медициналық авиацияның мүмкіндігі мүлде шектеусіз деуге келмейді. Күн тұманды болса немесе дүлей жел болса, ұшу қауіпті. Кейде науқастың жағдайы әуе сапарына жарамсыз болып жатады. Мұндайда дәрігерлер қажет болса, сол жерде қалып, науқастың жағдайын тұрақтандыруға көмектесуі мүмкін. Осыдан кейін ғана науқасты орталыққа алып ұша алады. Жергілікті әуежайлардың ұшу кестесі де кейде көмектің уақытында жетуіне кедергі болып жатады.

Алдабергеннің есінде жуықта Шымкентке жасаған сапары қалыпты.

«Жуықта Шымкенттен шақырту түсті. Науқасқа «қолқаның қалталануы» деген диагноз қойылған болатын. Бұл сапардың есімде қалғаны – сырқат түрі науқастың жасына сай емес еді. Жасы 38-де екен. Біз жеткенде жағдайы тұрақты болды. Мониторинг жасап болған соң елордаға алып ұштық. Денсаулығындағы ақаудың қаншалықты қауіпті екенін түсініп үлгерген жоқ. Ұшақ қонғанша сөзге тартып отырдық. Өзі де әңгімешіл адам екен. Түрлі тақырыптың басын шалдық. Бойдақ екенін, сөз байласқан адамы бар екенін, жуықта үйленетіндерін айтып, көңілді болды.

Науқаспен қызу әңгіме жүріп жатқандай көрінгенімен, бар назарымыз құралдардағы деректерде болды. Өйткені аяқ астынан қысым құбылып, тамыр соғысы өзгерсе, салдары ауыр болуы мүмкін еді. Абырой болғанда аман жеткіздік. Бұл жақта да ем қонып, жазылып қайтты. Осы қысқа сапардың өзінде әлгі жігітке деген құрметіміз оянып үлгерген еді. Аурасы жағымды, өмірге деген көзқарасы айқын адам болып көрінді. Астанаға әкелген соң емдеуші дәрігердің нөмірін алып, жағдайын біліп тұрдық. Қазір ол дін аман. Әлі қызына үйленгенін естідік», - деп түйіндеді дәрігер.

«Мемлекеттің қамқорлығына ана ретінде алғысым шексіз».

Жамбыл облысының тұрғыны Күлпаршын Тоғызақбаева медициналық авиация бригадасын айналдырған 2 айдың ішінде 2 рет пайдалануға мәжбүр болғанын айтады.

«Қазір Алматы қаласындағы балалар онкологиясы институтында емделіп жатырмыз. 12 жастағы қызым лейкоз ауруына шалдығып қалды. Былтыр қазан айынан бері емделіп жүрміз. Алғаш бұл жаққа мұрнынан қан тоқтамай түскен едік. Сол кезде медициналық авиация бригадасы шұғыл жеткізген. Ішіндегі дәрігерлер, оның көмекшілері, қолданған медициналық аппараттары өте ыңғайлы болды. Ұшқыштары да өте жауапты, адаммен сыпайы сөйлеседі. Баланың мұрнынан қан тоқтамай қойғандықтан қатты алаңдаулы едік. Мамандардың өте сабырлы күйін көріп, біз де сәл сабамызға түскендей болдық. Бір жолы бізді бір аптаға ауылға жіберді. Үш күннен кейін қызымның зәрі шықпай, Тараз қаласында реанимацияға түстік. Сөйтсек, бүйректің жұмысы тоқтап қалыпты. Тағы да Алматыдан медициналық авиациял бригадасын шақыртты. Осыншалық жауапты жұмысты сапалы орындап жүрген әрбір маманға алғыс айтқымыз келеді», -дейді науқастың анасы.

Күлпаршын Тоғызақбаева мамандардың осындай ізетті көмегі науқас баласының көңіліне де сенім ұялатқанын айтады.

«Менің баламның сырқаты сияқты күрделі ауруларды жергілікті деңгейде емдеу мүмкін емес еді. Шынын айту керек, зыр жүгіріп жұмыс істейді. Тіпті баланы ұшақтан түсірген кезде де асқан мұқияттылық танытып, өте сақ қимылдағаны есімде қалыпты.

Баланың денсаулығын бақылап қана қоймай, маған да қайта-қайта су беріп, қамқорлық көрсетті. «Балаңыз ауырғанда ас та батпаған шығар, ауқаттанып алыңыз» деп ыстық тамақ ұсынды. Мемлекеттің осындай қиындығы бар балаларға бұлайша қамқорлық көрсетіп жатқанына рахмет. Ана ретінде алғысым шексіз», - деген ана бірнеше маманның аты-жөнін атап, ерекше алғыс жолдады.

«Докторбай Дәулетбайұлы дейтін медициналық авиация докторына алғыс айтқым келеді. Алматыда Ұлболсын Сейдахмет дейтін дәрігер бар. Үнемі хабарласып, жағдайымызды сұрап тұрады. Тіпті ауруханада жатқан кезде де хабарласып, көңілімізді аулайды. «Баланың жағдайы жақсы ма? Не істеп жатыр» деп хабар алып тұрады.

Қазір қызымның жағдайы өте жақсы. Үйде демалып жатырмыз. Бірінші Алланың, екінші Алматыдағы институт мамандары мен медициналық авиация мамандарының арқасында жазылып келеді.

Біз медициналық авиация өкілдерін екі рет шақырттық. Екі ретінде де кешікпей келді. Бірінші жолы 2021 жылдың қазан айында, екінші жолы желтоқсан айында шақыртқан едік», - деп еске алады Жамбыл облысының тұрғыны.

«Өмірімнің 1000 сағаты ұшақ тізгінінде өтіпті»

Медициналық авиация қызметіне көлік ұсынатын маманданған мекеме бар. Әуе көлігін қамтамасыз ету солардың мойынында.

«Бізге өтінім келіп түскен бойда дайындықты бастаймыз. Әуе кемесі техникалық пайдалануға жарамды екенін растайтын сертификаттары болуы шарт. Командир метеорологиялық, аэронавигациялық жағдайды бағалайды. Біз өзіміз ұшып шығатын және қонатын аэродромның техникалық жарамдылығын тексереміз. Осыдан кейін ғана өтінім қабылданып, көкке көтерілеміз», - дейді пилот Юлия Анафина.

Айтуынша, медициналық авиация саласында ұшқыш болу үшін қандай да бір арнайы курстардан өтудің қажеті жоқ. Бұл істе пайдаланылатын әуе көлігін тізгіндей алуың ғана маңызды.

«Ең бастысы, тәртіп керек. Сапар аяқ астынан пайда болады. Қай жаққа, қашан ұшатынымызды болжап білу мүмкін емес. Сондықтан үнемі дайындық режимінде жүреміз. Жарты сағаттың ішінде жиналып үлгеруіміз қажет.

Мамандандырылған компанияда Медициналық авиацияға қызмет көрсететін 4 ұшқыш бар. Соның арасында Юлияны «арпа ішінде бір бидай» деп айтуға болады.

«Қазір ұшқыш дайындайтын училищелерге түсіп жатқан қыздардың саны көбейіп келеді. Қыздар арасында өте танымал мамандық деуге болатын шығар. Мен ұшқыштық жолға 15 жасымда түстім. Өзім Тараз қаласының тумасымын. Ол жерде әлі күнге балаларға арналған «Жастар авиациялық орталығы» бар. Ұшқыш болуды армандайтын жеткіншектер сол жерде машықтанады. Әуелде әуестікпен барып, кейін осы салада жоғары білім алу үшін Азаматтық авиация академиясын бітірдім», -дейді ұшқыш қыз.

Жастығына қарамастан, Юлия Анафина өмірінің 1000 сағатқа жуық уақытын әуе көлігінің тізгінінде өткізген. Ол өзінің ешкімге ұқсамайтын күндік режимін де айтып берді.

«Күн сайын ерте оянып, дайындығымды пысықтап, байланыста отырамын. Өтінім келіп түскен бойда командир маған әуежайға апаратын көліктің қанша уақытта келетінін айтады. Әуежайға келгеннен кейін ұшу алдындағы медициналық бақылаудан өтеміз. Рұқсат алғаннан кейін ғана ангарға барамыз. Сол жерде жағдайға қаныққаннан кейін командир әуе кемесіне жанармай құю туралы бұйрық беріп, өзі кемені қарап шығады. Мен екінші ұшқыш ретінде кабинаны дайындай бастаймын. Мен маршрутты жүктеп, диспетчерлермен байланысқан соң, ұшуға рұқсат сұраймын. Бұл кезде медициналық бригада мініп жатады. Діттеген жерге қонған соң ауруханаға кеткен дәрігерлерді шамамен бір жарым сағат күтеміз. Олар науқасты алып келген соң бәріне қауіпсіздік нұсқаулығын қайталап түсіндіреміз», - дейді пилот.

Мұндай бір сапардан кейін ұшқыштарға 12 сағат демалыс беріледі. Әрі қарай қайтадан мінсіз дайындық режиміндегі жаңа жұмыс күні басталады....



Соңғы жаңалықтар