Медициналық анықтаманы қымбаттатқан тубдиспансер басшылығы жауапкершілікке тартылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ауданаралық Туберкулезге қарсы күрес диспансері медициналық анықтама құнын негізсіз көтергені анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мұндай заңбұзушылықты қалалық прокуратура анықтаған.

«Жүргізілген мониторинг көрсеткендей, аталған мекеме көрсетілген мемлекеттік қызметтің өзіндік құнын анықтау кезінде дәрігерлердің еңбекақысын, салықтар мен басқа да шығындарды негізсіз есепке алған», - деді прокуратураның баспасөз қызметі.

Прокуратураның араласуынан кейін ауданаралық Туберкулезге қарсы күрес диспансерінің азаматтарға беретін медициналық анықтамалардың құны екі есеге төмендеді.

«Прокурорлық қадағалау актісін қарау нәтижелері бойынша мемлекеттік қызметтің құны 500 теңгеден 250 теңгеге дейін төмендетілді», - деді баспасөз қызметінен.

Тексеруден соң мекеме басшылығы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Айта кету керек, жыл сайын 7 мыңнан астам адам анықтама алу үшін жүгінеді.

Қазіргі кезде прокуратура қаланың басқа да медициналық мекемелерінде осындай тексеру жүргізіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар