Медициналық ақпараттық жүйеде Дамумедті монополист деуге болады - Мәжіліс депутаты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Гүлдара Нұрымова денсаулық сақтауды цифрландыру жұмыстары дәрігерлер еңбегін жеңілдетпеді, керісінше күрделене түсті деп сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Екінші жыл қатарынан денсаулық сақтау саласы пандемия жағдайында ауқымды жүктемемен жұмыс істеп жатыр және екінші жағынан, денсаулық сақтаудағы цифрландыруды қалыптастырудың күрделі кезеңін бастан кешуде. Денсаулық сақтауды цифрландыру дәрігерлердің еңбегін жеңілдеткен жоқ. Керісінше, дәрігер мен медбикенің жұмысы күрделене түсті. Біз «Nur Otan» фракциясының депутаттар тобы биылғы 2 маусымда пациент қабылдауда практикалық дәрігердің қалай жұмыс істейтініне, өз жұмысында нақты қандай проблемалар болатынына көз жеткізу үшін Нұр-Сұлтан қаласының №5 қалалық емханасына бардық. Кездесу Денсаулық сақтау министрлігі, Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы, Дамумед, салалық кәсіподақ өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылды. Науқасты қабылдаудың жалпы тәжірибелік дәрігердің барлық мәселелерін кезең-кезеңімен талдадық», - деді депутат ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде өткен дөңгелек үстелде.

Оның айтуынша, №626 бұйрыққа сәйкес барлық аурулар Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (аурулардың 25 тобы және әлеуметтік маңызы бар аурулар: туберкулез, онкология, психикалық және жұқпалы аурулар, қант диабеті) және Мемлекеттік-әлеуметтік медициналық сақтандыру болып бөлінеді.

«Қаржыландыру көзіне (ТМККК немесе МӘМС) сәйкес қажетті ауру кодын, қажетті қызметтерді табу және жолдамаға дұрыс енгізу үшін дәрігерге қанша уақыт қажет екенін елестетіп көріңіз. Міндетті медициналық денсаулық сақтау қорының әрбір медициналық ұйымына әзірленіп, түсірілетін екі дереккөз (ТМККК және МӘМС) бойынша ай сайынғы қаржыландыру жоспары болғандықтан, дәрігер асыра орындамау үшін қолда бар жоспарды орындауға мәжбүр. Қаржыландырудың осындай күрделі бөлінуімен шатасулар болады, қате жіберіледі», - дейді Г. Нұрымова.

Оның айтуынша, Қазақстан бойынша медициналық ақпараттық жүйенің негізгі жеткізушісі Дамумедті монополист деп атауға болады, оның жұмысында көптеген мәселелер бар.

«Даму дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің интеграцияланған жүйесі порталымен және фертильді жастағы әйелдер порталымен және жүкті әйелдер тіркелімімен интеграцияланбайды. Дәрігер деректерді Дамумедке енгізеді және барлық тексеру деректері мен нәтижелерін фертильді жастағы әйелдер, дәрілік қамту ақпараттық жүйесі порталына қайта енгізуге мәжбүр болады. Медициналық ақпараттық жүйе әзірлеушілері өңірлердегі жалғыз жеткізушілер ретінде іс жүзінде бастапқы медициналық санитарлық көмекке платформада қалай жұмыс істеуді талап етеді, алгоритмдерді айқындайды. МАЖ әзірлеушісі медицина қызметкерлерімен тікелей жұмыс істейтін менеджерлерді кеңейтуге мүдделі емес. Барлық статистика-есеп беру әлі күнге дейін Денсаулық сақтауды дамыту орталығының ескі формалары бойынша тапсырылады. Есеп берудің жаңа формалары жоқ. Барлық есеп қолмен жасалады», - деді депутат.


Соңғы жаңалықтар